Бүгін сенаторлар жайылымдардың бірыңғай тапшылығы мәселесін шешу негізгі міндеті болатын заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттар тіпті оны әзірлеу туралы өздері бастама көтерген болатын.Өйткені ауыл тұрғындары бұл проблеманы әлденеше жылдан бері айтып келеді. Сондықтан ол заңды кейінге қалдырудың жөн жоқ еді. Депутаттар бұл жолы не ұсынып отыр? Ондағы кейбір жаңалықтар мінекей:
- Енді шалғайдағы мал шаруашылығы жайылымдарын 5 жыл мерзімге тегін иемденуге ешкім мүмкіндік бермейді. Сенаторлар ықтимал сыбайлас жемқорлықтың осы нормасын қолданыстағы заңнамадан алып тастады, сондықтан бұл олқылықты конкурстан тыс ешкім пайдалана алмайды. Сөйтіп, бұл жерлерді өзге ауыл тұрғындары қоғамдық қажеттілікке пайдалану мүмкіндігінен айырылады.
- Сонымен қатар, жайылымға иелік ететіндер бұл жерлерді кем дегенде 50%-ға пайдалануы керек, ал бұрын 20% жеткілікті болатын. Егер пайдаланған жерлерде мал аз болса, мемлекет ол жайылымды жер алқабы жетіспейтін басқа фермерге бере алады.
- Халықтың мұқтажына арналған жайылымдарды ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптардың басқа түріне ауыстыруға тыйым салынады.
- Енді орман шаруашылықтары әкімдіктерге жыл сайын адамдарға шөп шабуға және мал жаюға рұқсат етілген мемлекеттік қор учаскелері туралы ақпарат беріп отыруы тиіс. Бұл орман қоры жерлерінде орналасқан жайылымдарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
- «Қоғамдық жайылымдар» ұғымы енгізіледі. Бұл елді мекеннің айналасындағы ауыл тұрғындарының мал жаюына арналған жерлердің мәртебесін нақтылау үшін маңызды.
Соңғы жылдары ауыл тұрғындары арасында жайылымдық жерлер мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осы өзекті проблемаларды назарға алып, сенаторларымыз бірқатар заңнамалық өзгерістерге бастамашылық жасады. Атап айтқанда, жайылымдардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге және оны ұтымды пайдалануға арналған жаңа ережелер топтамасы мақұлданып отыр. Сондай-ақ жердің құнарлығын сақтауды көздейтін тың түзетулер енгізілді. Қаралған заң жайылымдарды басқару, пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге және елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.