Заң күшейді: Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету азая ма?

13 Шілде 2023, 19:32
1264
Бөлісу:
Заң күшейді: Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету азая ма?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Биыл әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық көруіне байланысты Ақтөбе облысында алты ай ішінде 6 қылмыс тіркелген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейгені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Атап айтсақ, ендігі жерде барлық өңірдегі полиция ұйымдары тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырады. Яғни, жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға болады. Ол үшін әйел адамның тұрмыстық зорлық-зомбылық көргені туралы көршілері, туыстары, таныстары сотқа дерек жеткізіп берсе болғаны.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақкүл Қасанғалиеваның айтуынша, жаңа заңға сәйкес екі тарапты қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталған. Себебі қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің дені іс сотта қаралған кезде арыздарын қайтарып алатын болған.

1 шілдеден бастап елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейді. Мәселен, Қылмыстық кодекстің денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіру (ҚК 106-бабы, ҚК 107-бабы) баптарына «Кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» белгісі енгізілді. Бұл қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу санкциясын қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді, - дейді полиция майоры.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 6 айында Ақтөбе облысында әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық көруіне байланысты 6 қылмыс тіркелген. Ал жалпы қыз-келіншектерге қатысты І жартыжылдықта 919 іс қозғалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға төмен.

Қазір әйелдер заң тұрғысынан сауатты. Сондықтан күйеуінен зорлық көрген әйелдердің көбі құқық қорғау органдарына шағымдана алады. Әрине, бәрі бірдей арыз-шағым жазып жатпайды. Дегенмен қалай десек те, әлі күнге дейін облысымызда азаматынан таяқ жеп, зорлық көріп отырған әйелдер саны азаяр емес. Нақты статистикаға сүйенсек, 2023 жылдың басынан бері өңірімізде 3 әйелге отбасында қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтірілсе, екі әйел қасақана дене жарақатын алған. Ал бір дерек тағы басқа себепке байланысты болып отыр. Былтыр облыс бойынша 7 қылмыс тіркелсе, биыл жалпы саны 6 қылмыс тіркеліп отыр, - дейді Қасанғалиева.

Былтыр Ақтөбе облысында 777 ер-азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылса, биыл полиция инспекторлары 969 адамды заң аясында «жазалаған». Сондай-ақ 6 ай ішінде 2800-ден астам еркектің үстінен нұсқама толтырылып, соттың шешіміне сәйкес 797 отағасына ерекше талап қойылған. Бұл көрсеткіштер, өкінішке қарай, биыл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көбейіп отыр. Демек, жыл артқан сайын әкімшілік жауапкершілікке тартылған ер адамдар саны көбеюде.

Инспекторлардың айтуынша, әйелдер көп жағдайда отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықты ішімдікке салынған, нашақор, жұмыссыз және мінез-құлқы бұзылған күйеулерінен көреді. Кей кезде мұндай қиындыққа шыдамаған әйелдер өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады екен.

Біз әйелдер арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жыл басынан бері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, 140-қа жуық іс-шара өткіздік. Сондай-ақ полиция инспекторларымен бірге 6 мыңға жуық адамға семинар, тренинг, басқа да алдын алу шараларын ұйымдастырдық. «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтат!» акциясы аясында ерлі-зайыптылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Осы шаралардың нәтижесінде облыстағы дағдарыс орталықтарына 618 әйел хабарласып, кеңес алды. 235 әйелге заңгерлік, 265 әйелге психологиялық қолдау көрсетілді, - дейді полиция майоры.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында осындай іс-шаралар аясында 175 әйел дағдарыс орталығына орналасыпты. Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған 30-дан астам қыз-келіншекке мамандар әр түрлі материалдық-моральдық көмек көрсеткен.

Өкінішке қарай, ХХІ ғасырда өмір сүріп жатсақ та, әлі де тұрмыстық «қараңғылықтан» арыла алмай келеміз. Себебі әлі де қоғамда күйеуінен таяқ жейтін, ата-енесінен ауыр сөз еститін әйелдер, отбасында өгей әкесінен қорлық көретін қыз балалар саны азаймай отыр. Биыл заң күшейді, бірақ заңның орындалуы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ар-намысында, жұмысына деген адалдығында жатыр. Олай дейтініміз, отбасында, тұрмыста жақындарынан қорлық, зорлық көрген қыз-келіншектердің арасында әділдік көрмей, өмірде бақытсыздыққа душар болып жүргені қаншама?! Тіпті, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер де бар. Олардың артында жылап балалары, ата-ана, бауырлары қалып жатыр. Егер заң үстем болса, мұндай жағдайлар қайталанбас еді...

Ақтөбе қаласының тұрғыны Айым Адаева (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді — авт.) 24 жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Бүгінде 5 бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Ширек ғасырға жуық бірге өмір сүріп келе жатқан жолдасы осыдан бірнеше жыл бұрын жаман әдеттерге әуес болып, әйеліне қол көтеретінді шығарған. Қазір ерлі-зайыптылар ажырасу процесінде. Екеуі бөлек тұрып жатыр. Балалары аналарымен бірге тұрып жатыр екен.

Жолдасым мұнай саласында көп жыл жұмыс істеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын жұмысы қысқарып, жұмыссыз қалды. Содан бос уақыты көп болған соң ба, әйтеуір жаман әдеттерге құмар болып, бұзылды. Үйде айқай-шу шығаратын болды, мені, балаларды үйден қуатын. Кейде ішпей-жемей, маған қол көтеретін. Ақырында, міне, ажырасуға арыз бердім. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Балалар әкелерін қимайды, бірақ бұлай өмір сүре алмаймыз. Не боларын білмейміз? Дәрігерлерге көрсетейін десем, бармайды. Нашақор болып кете ме деп қорқамын, — дейді Айым.

Көп жыл бірге тұрып, тату-тәтті өмір сүрген отбасының шаңырағы осылайша ортасынан түседі деп кім ойлаған? Айым ендігі уақытта жұмысқа орналасып, балаларын өзі тәрбиелемек. Әзірге ол психолог мамандардан кеңес алып жүр.

Айта кету керек, былтыр облыста сексуалды бағыттағы 87 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 43 іс салдарынан балалар жапа шеккен. Биыл мұндай зорлық көргендер туралы нақты көрсеткіш жоқ. Алайда кейбір отбасында осындай азғындық деректері кездесіп жатады. Ең бастысы, өзіңізді және балаларыңызды зорлық-зомбылықтан қорғай біліңіздер, қыз-келіншектер!

Өзгелердің жаңалығы