Заң бұзулар білім беру ұйымының басшылары тарапынан болып жатады

30 Мамыр 2023, 12:38
2110
Бөлісу:
Заң бұзулар білім беру ұйымының басшылары тарапынан болып жатады
Фото: Кейіпкер архивінен

Сапалы білім – мемлекетіміздің бүгінін де, ертеңін де мықты ететін түпқазық, алдымызды айқындайтын бағдаршам, деп хабарлайды Түркістан облысының BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Түркістан облысы халық саны көп болғандықтан мұндағы білім саласында күрделі де күрмеулі мәселелердің көп екендігі даусыз. Аймақта білім беру сапасы қалай, жас ұрпақ білімді болу үшін қандай жұмыстар жасалынып жатыр? Білімнің сапасын бақылап анықтайтын Түркістан облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті бұл ретте қандай жұмыстар атқарып жатыр? Бізді қызықтырған сауалдар барысына аталған департаменттің басшысы Ғалымжан Алматов жауап берді.

– Ғалымжан Бауыржанұлы, Түркістан облысында қанша білім беру ұйымы бар? 

– Ұлттық бірыңғай деректер базасындағы (НОБД) мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында 2453 білім орны жұмыс істейді. Оның ішінде 1383 балабақша мен 1029 мектеп бар. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары – 1018 болса, оның 926-сы мемлекеттікі, 92-сі жекеменшіктікі. Бастауыш – 145, оның 59-ы жекеменшік, негізгі орта – 69, 16-сы жекеменшік, жалпы орта – 780, оның 17-сі жекеменшік, «Білім-инновация» лицей-интернаты – 2, арнайы түзету мектеп-интернаты – 8, үш кешкі мектеп пен 11 мамандандырылған мектеп-интернат бар. 52 кәсіптік-техникалық оқу орнының 29-ы мемлекеттік, 23-і жекеменшікті құрайды. Департамент аты айтып тұрғандай білімнің сапасын бақылайды, ол үшін мемлекеттік аттестаттауды жүзеге асырады. Айталық, оның бірі бармай профилактикалық бақылау, яғни білім ошақтарында оқушылардың білім алу деңгейі қандай, ол жалпыға ортақ мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес келе ме, осыған бақылау жасау мақсатында жүзеге асырылатын рәсім. Биыл жыл басынан бері Департамент бекітілген 470 мектепті аттестаттаудан өткізуді жоспарлады. Тізім бойынша бүгінгі таңда 116 яғни 36 колледж, 40 балабақша, 40 мектепке аттестаттау жүргізілді. Стандартқа сәйкес келген 13 білім мекемесі (6 колледж, 4 мектеп, 3 балабақша) аттестатталды, стандартқа сәйкес келмеген 103 білім мекемесі (30 колледж, 36 мектеп, 37 балабақша) аттестатталмады. Бұл дегенің білімге аттестаттау жүргізілген білім беру ұйымдарының 88,7% құрайды. Мемлекеттік аттестаттаудың қорытындысы бойынша 17 колледждің (12 мемлекеттік, 5 жекеменшік) 48 мамандығының 53 біліктілік лицензия қосымшалары қайтарылды.

– Департаментке өтініштер жиі түсе ме?

– Әрине, департаментке жыл басынан бері алғашқы тоқсанда Е-Өтініш электрондық порталы арқылы 119 өтініш тіркеліп, қаралды. Жеке және заңды тұлғалардан 90 арыз, 9 шағым, 6 ұсыныс, 14 хабарлама, сұраныс және үндеу келіп түсті. Қаралған өтініштер саны – 87. Басқа мемлекеттік органдарға жолданған өтініштер саны – 32.

– Жоспардан тыс тексерулерде көбіне не мәселені анықтайсыздар?

– Арыз-шағымдар түскеннен кейін біз әрине тексеріс жүргіземіз. Көбіне жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысында білім беру ұйымының басшылары тарапынан заң бұзушылықтар болып жатады. Өкінішке қарай, заңды басшылардың өздері бұзады. Атап айтқанда педагогикалық қызметкерлерге педагогтерді аттестаттаудан өткізу комиссиясы мен басшы лауазымына тағайындау кезінде комиссияның шешімінің заңсыздықтарға жол беруі, апталық сағат жүктемелерін бөлу кезіндегі кемшіліктердің орын алуы, қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, функционалдық міндеттерін бекіту бойынша арыз-шағымдар көп. Жыл басынан бері төрт білім беру ұйымында жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, екі тексерудің қорытындысы бойынша нұсқама берілді және екі әкімшілік іс қозғалды. Бір заңды тұлғаға 15 айлық есептік көрсеткішке тең 51750 теңге, бір лауазымды тұлғаға 34 500 теңге, жалпы екі әкімшілік іс бойынша 86250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, Департаменттің жедел желі сенім телефонына келген ақпараты бойынша бір әкімшілік іс қозғалды. Ол «Педагог мәртебесі» заңының талаптарының бұзылуына орай Түлкібас ауданы, Қ.Жандарбеков атындағы жалпы орта мектебінің директорына «ескерту» әкімшілік жазасы қолданылды.

Сонымен қатар Төлеби ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің хатына сәйкес бір әкімшілік іс қозғалды. Мұнда Төлеби ауданы, №2 Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебінің ата-анасына айыппұл салынды. Жалпы 103500 теңге айыппұл салынды, бір лауазымды тұлғаға «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Осы ретте, бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілген үш колледжге нұсқаманың орындалуы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде бару арқылы бақылау жасалып, көрсетілген заң бұзушылықтар жойылып, нұсқамалар орындалды.

- Жуырда жеке парақшаңызда мектеп оқушыларының Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу (МОДО) кезінде құйтырқы амалдармен тест тапсырмақ болған әрекетін әшкерелегеніңіз туралы пост жарияладыңыз. Осы туралы толығырақ тарқатып айтып берсеңіз. Жалпы, баланы білімге құштар ету, педагогтердің академиялық адалдығы қаншалықты сақталынып жатыр?

- Өте дұрыс айтасыз, біздің Департамент осы жылдың сәуір-мамыр айларында Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу қағидаларына сай, Түркістан аймағы бойынша 207 (184 мемлекеттік, 23 жекеменшік) мектепте болып өтті. 8235 оқушы қатысқан 4 және 9 сынып оқушыларының ББЖМ рәсіміне Департамент қызметкерлері де бақылаушы ретінде қатысты. Бақылау барысында Арыс қаласының «Адами әлеуетті дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты №11 Б.Момышұлы атындағы мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Г.Байзақоваға өзінің қызметтік міндетін орындауда жіберген қателігі үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік шара көрілді. Себебі, оқушылардың білім деңгейін тестілеу кезінде 9 «В» сынып оқушысынан ұялы телефон табылды. Тыйым салынған заттарды анықтау актісі жасалды және тестіленуші мониторингтің қағидасына сәйкес аудиториядан шығарылды. Дәл осы жағдай, Түлкібас ауданы, И.Рыбалко мектебінде де орын алды.

Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік аттестаттау өткізер алдын әрбір білім ордасы өзін өзі бағалайтын рәсімді өткізеді. Соның бір мысалы 4 пен 9- сынып оқушыларының білім нәтижесінің қандай екендігін бағалау үшін компьютерлік тест тапсырады. Ал балаларды оқытудың, олардың білім көрсеткішін қалай бағалайды деген мәселеге келсек, министрліктің өткен жылдың соңына қарай 5 желтоқсанда №486 бұйрық шыққан болатын. Осы бұйрыққа сай Департамент қызметкерлері 38 мектептің компьютерлік тестілеуіне бақылаушы ретінде қатысты. Бүгінгі таңға дейін, компьютерлік тестілеудің 4-сыныбы бойынша 2151 білім алушы қатысып, нәтижесінде жалпы 30 сұрақ бойынша – 17,7 балл, оның ішінде оқыту тілі пәні бойынша – 9,1 балл, математика пәні бойынша – 8,5 баллды құрады. Оң нәтиже көрсеткен 4-сынып бойынша жалпы тестке қатысқан 2151 білім алушының 1856 (86,28 %) оқушы оң нәтиже баға алған.

9-сынып бойынша 1925 білім алушы қатысып, нәтижесінде жалпы сұрақтар (60 сұрақ) бойынша орта балл 29,9-ды құрады, оның ішінде оқыту тілі пәні бойынша орта балл - 10,6, математика пәні бойынша – 9,3 балл, ал инварианттық компонент пәні (география пәні ) бойынша – 9,9 балл. Оң нәтиже көрсеткен 9-сынып бойынша жалпы тестке қатысқан 1925 білім алушының 68,9 %-ы оң баға алды. Осы ретте ескерте кетсек, мектептердің электронды сынып журналдарына талдау жасау барысында тоқсандық есебі бойынша үлгерімді 100 пайыз деп көрсетеді. Мектептерден алынған тест нәтижесі қалай деп сұрасаңыз, жыл басынан бүгінгі күнге дейін 4-сыныптарда екі мектептің, 9-сынып бойынша бес мектеп оқушыларының үлгерімі 40%-ға жетпеген. Бұл орайда біз Департамент тарапынан бөлімдерге хат жолдап, қайта мемлекеттік аттестаттау мерзіміне дейін осы мектептерге тиісті әдістемелік көмек берілуін сұрадық. Мен барлық педагогтерді балаларды адал білім алуға, өз күшімен еңбектенуді үйретуге шақырамын.

- Мектеп директорларын тағайындауда педагогикалық әдептер қатаң сақтала ма?

- Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау үшін конкурс өткізудің өз тәртібі бар. Бұл мәселе бойынша педагогикалық әдептің бұзылуы туралы Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасынан 39 үміткерге қатысты сұрау салу хаты келіп түсті. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтері лауазымына орналасу үшін жалпы саны 179 үміткер болды. Оларға қатысты педагогикалық әдептің бұзылуы бойынша бұзушылықтар анықталмаған туралы хаттар жолданған.

- Байқауымша кейбір білім ұйымдарының лицензиясын кері қайтарып алу, тоқтатылғаны жайлы айтып жатасыз. Осыны түсіндіре кетесіз бе?

- Департаментке осы жылдың 1-тоқсанында электрондық үкімет веб-порталының www.egov.kz, www.elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы 72 мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініш түсті. Қаралған өтініштердің 45-і қанағаттандырылып, біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 27 өтініштен бас тартылды. 29 білім ошағының лицензия және лицензия қосымшалары жаңадан рәсімделіп берілді. Білім беру бағдарламасына сәйкес алты білім беру ұйымына 10 лицензияға қосымшалар берілді және жаңадан ашылған 6 білім беру ұйымына лицензия және лицензияға қосымшалар берілді. Білім беру ұйымдарын білім беру қызметімен айналысуға мемлекеттік лицензиясыз немесе лицензияға қосымшасыз жұмыс жасауға жол бермеу. Сонымен қатар, білім туралы құжаттарды апостильдеу бойынша 20 құжат қаралды. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы – 13 құжат, электронды үкімет порталы арқылы – 7 құжат, оның ішінде, 12 құжат апостильденіп, 8 өтініш қараудан бас тартылды. Себебі кейбір құжаттар білім беру мекемесімен расталмаған, тұрғылықты мекен-жайы бойынша жіберілмеген, төлем төленбеген. Қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылса да қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша екі жекеменшік балабақша хабарламасыз қызмет атқарып жатыр. Айта кетсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Департамент тарапынан 14 балабақша мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы қызметтің басталғаны туралы хабарламасыз жұмыс жасап жатқаны анықталып, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына, бөлімдерге хат жолданып, жұмыстар жүргізілді. Соның ішінде, 10 балабақша мемлекеттік тапсырыс алған.

- Мектеп құрылыстары қалай жүргізіліп жатыр, оқу жылы басталғанша қандай өзгерістерді күтеміз?

- Облыста жаңа құрылыс жұмыстарына келер болсақ, 8 ауданның 8 мектебінде жүріп жатыр. Жетісай ауданы, Жетісай қаласы Дайрашев көшесі бойындағы 300 орындық мектеп құрылысы, Мақтарал ауданы, Өркениет елді мекеніндегі 200 орындық мектеп құрылысы, Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округі, Нұрлы жол елді мекенінде орналасқан №50 Б.Омаров атындағы жалпы орта мектебі, Сауран ауданы, Оранғай ауыл округі, Бостандық елді мекеніндегі 150 орындық мектебі т.б. салынуда. Бұл мектептердің құрылысы аяқталып пайдалануға берілсе, үш ауысымды оқыту мен орын тапшылығы шешіледі деп күтіліп отыр. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылдың қорытындысы бойынша 12 мектепте аяқталмай, 2023 жылға қалдырылған болатын. Бүгінгі таңда, 5 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталса, ал қалған 7 мектеп 2023 жылдың қыркүйек айына дейін толық аяқталады деп күтілуде.

- Мектептерде бейнебақылау бойынша мәселе қалай?

- Облыс бойынша 897 мектеп болса, соның 4 (Қазығұрт ауданы – 2, Сауран ауданы – 2) мектепке бейнебақылау жүйесі орнатылмаған. Ұлттық білім беру деректер қоры бойынша 49 мектепте бейнебақылау тек іште орнатылған болса, 10 мектепте тек сыртта орнатылған. Жылы тораптар, ішкі әжетханаға келсек, облыс бойынша 2022 жылдың қорытындысы бойынша 897 мектептің 23 мектебінде ішкі әжетхана орнатылмаған болса, 2023 жылдың 1-тоқсан есебі бойынша 20 мектепте ішкі әжетхананы орнату жұмыстары аяқталмады. Күрделі жөндеу жұмыстары есебінен бес мектеп, құрылыс есебінен 12 мектеп, қосымша ғимаратқа ішкі әжетхана орнату бойынша екі білім ордасы, мердігері анықталмай жатқан бір білім ұйымы (Жетісай ауданы, №36 мектеп) бар.

- Әрбір оқушы үздік оқып, ата-анасының үмітін ақтап «Алтын белгіге» ие болғысы келеді. Облыста аталған белгіге үміткерлер жайында айтсаңыз?

- Биыл Түркістанда 2022-2023 оқу жылын 29141 түлек аяқтайды деп жоспарланып отырған жайы бар. Облыстағы қалалық және аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімдерінен алынған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылдың желтоқсан айында Алтын белгіге үміткерлер саны – 1189 болса, 2023 жылдың наурыз айында үміткерлер саны – 1334 құраған. Яғни, Алтын белгіге үміткерлер саны - 145-ке артқан. Үміткерлер саны артуының басты себебі, 2014 жылы сол кездегі ҚР БҒМ-ның алтын белгі ережесіне 2022 жылы №193 бұйрықтың негізінде біраз өзгерістер енгізілді. Екіншіден, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде пәндер бойынша емтихан тапсырылмайды. Осыған байланысты оқушылардың 10-сыныптағы жыл соңындағы қорытынды бағасы мен 11-сыныпта оқыған І, ІІ, ІІІ тоқсандық бағалары өте жақсы болған. Өз кезегінде ата-аналар да қайтадан өтініш берудің нәтижесінде үміткерлер саны көбейе түскен. Осы ретте, Түркістан облысында 2022 жылдың ІІ тоқсанынан бастап Білім Лэнд порталы қолданысқа енгеніне байланысты, оған дейінгі қолданыста болған Күнделік КЗ порталы бұғатқа түскен. Күнделік Кз порталының қолжетімсіз болуына байланысты, Алтын белгіге үміткерлердің деректерін қарау мүмкін болмады.

- «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген, бала құқығы, балалар суициді туралы тіркелген бе?

- «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы бойынша 63 мектепке мониторинг жүргізді. Балалар құқығын қорғау бойынша облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөнінде және олардың құқықтарын қорғау бойынша комиссия 18 комиссия, оның ішінде 1 облыстық, 3 қалалық және 14 аудандық бар. Жасөспірімдердің күрделі мәселелерінің алдын алу, жедел көмек көрсету бағытында жұмыс жасайтын Сall-орталықтары жұмыс істейді және жедел әрекет ету үшін тұрақты кері байланысы қалыптасқан Telegram мессенджерінде «BALA QORGAU» желісі қалыптасып, мәселелер шешімін тауып жатыр. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 18 (аяқталғаны 7, оқталғаны 11) өз өзіне қол жұмсау фактісі тіркелген. 5 жастан 14 жасқа дейін 8 бала (аяқталғаны – 5, оқталғаны – 3), 15 жастан 17 жасқа дейін 10 (аяқталғаны – 2, оқталғаны – 8). Балалар құқығын қорғау комитетіне сегіз хат жолданған, оның ішінде жол апатынан қайтыс болғаны – 1, өз өзіне қол жұмсау – 3, суға батқаны – 3, улану – 4 және т.б. Телеграмм «БалаQorgauBot2.0» чат бойынша үш өтініш қаралып, арыз иелері қанағаттандырылған.

- Білімге қатысты Департамент өз тарапынан тағы қандай ұсыныстар жасап отыр?

- Стандарт талабына сай келмеген 103 білім ошағына көмек көрсетуді ұсындық. Яғни әдістеме тұрғысынан бұл мәселені облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы мен білім беруді дамыту орталықтары қолға алады. Сонымен қатар «Этнопедагогикалық колледжі» жеке мекемесінің оқушыларын өзге колледжге ауыстыруды ұсындық. Ал бітіргелі жатқан түлектерге диплом беру бойынша жұмыстарын жүргізуді білім басқармасы өз құзіретіне алады. Сондай-ақ, тиісті жұмыстар жасалу үшін алдымен бірінші басшы лауазымына конкурс өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы