Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Е-Лицензиялау" мемлекеттік базадағы мәліметтерді түрлендіру жолымен заңсыз лицензиялар берудің қылмыстық схемасын ұйымдастырғандардың жолы кесілді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Қылмыстық әрекет белгілерін "Қазақстанның Киберқалқаны" жүйесі шеңберінде құрылған "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ жедел ақпараттық қауіпсіздік орталығы тіркеген.
Жедел-іздестіру іс-шараларының және "Мемлекеттік техникалық қызмет" РМК мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның техникалық мамандары бірлесіп жүргізген кешенді компьютерлік-техникалық сараптаманың нәтижелері бойынша «Е-Лицензиялау» мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді түрлендіруге қатысты күдікті адамдардың кінәсі толық дәлелденді.
2020 жылғы 10 ақпанда Нұр-Сұлтан қ. Есіл аудандық сотының шешімімен сотталушылар ҚР ҚК 206-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру" бойынша кінәлі деп танылып, 2 (екі) жыл мерзімге Қазақстан Республикасы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектілеріне жіберуге байланысты квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым иелену құқығынан айырумен әрқайсысы 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жазаланды.
Үкім заңды күшіне енді.