Заңсыз балық аулаған браконьерлер ұсталды
13 Мамыр 2020, 03:26 1232

Заңсыз балық аулаған браконьерлер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының тәртіп сақшылары заңсыз балық аулаған браконьерлерді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Олардан 117 килограмм заңсыз балық тәркіленді. 11 мамыр күні Алматы облысы аумағында табиғат қорғау органдарымен бірлескен арнайы іс-шара барысында Ұйғыр ауданының полицейлері заңсыз балық аулаған үш ер адамды ұстады. Браконьерлер мінген “Тойота-Ланд Крузер” автокөлігінің жүксалғышынан ұсталған балықтар мен балық аулауға арналған құрал-жабдықтар табылды.
Облыстық “Уылдырық шашу” жедел алдын алу іс-шарасы барысында Ұйғыр ауданында жүргізілген шара кезінде 28, 35 және 42 жастағы үш жергілікті тұрғын ұсталды. Олардың көлігінен 117 килограмм балық пен резеңке қайық және балық аулайтын ау табылып, тәркіленді. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Алматы облысы ПД ЖПҚБ Табиғат қорғау инспекторы Бағлан Рымжанов.

Полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, браконьерлер келтірген материалдық шығын 420 мың теңгеден асқан. Күдіктілерден тәркіленген балықтар арнайы балық қабылдағыш орындарға өткізілді және одан түскен қаржы мемлекет пайдасына аударылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, облыстық “Уылдырық шашу” жедел алдын алу іс-шарасы облыс аумағында 2020 жылдың 15 сәуірінен мамыр айының соңына дейінгі аралықта балықтардың уылдырық шашу кезінде жаппай ұсталуының алдын алу, табиғи байлыққа қол сұғушылықты болдырмау мақсатында өткізіліп жатыр. Арнайы шара барысында тәртіп сақшылары табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 80-нен астам дерегін әшкереледі. Оның ішінде 12 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...