Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Алматыда өткен республикалық ғылыми жобалар сайысының желілік кезеңінде жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлады Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жыл сайын өткізілетін зияткерлік сайысқа биыл республикадан 200-ге жуық зияткерлік мектептердің оқушысы қатысты. Жас зерттеушілер 4 бағыт бойынша инновациялық жобалары мен ақылды өнертабыстарын таныстырды.
Қызылордалық 12-сынып оқушысы Арайлым Өмірбекқызы "Этномәдениеттану" секциясында жоба қорғады. Жас полиглот мәдени танымның тиімді коммуникация үшін маңыздылығын зерттеді. Қазылар алқасы оның жұмысын жоғары бағалап, І орынға лайықты деп таныды.
Бүгінгі таңда шет тілдерін күнделікті қарым-қатынас деңгейінде меңгергендер саны артуда, дегенмен бұл мәдени кедергілерді жеңу үшін жеткіліксіз. Менің басты мақсатым – осы мәселеге назар аудару және жастардың мәдени танымдық деңгейін арттыру, – дейді Арайлым Өмірбекқызы.Сайысқа қатысушы Владимир Усольцевтің жұмысы да үздік жобалардың қатарынан көрінді. Ол «C#» бағдарламалау тілінде ландшафт генераторын жасап шығарды. Бұл жобаны ойын индустриясында және экожүйенің геопроцестерін модельдеу үшін қолдануға болады. Владимир Усольцев дайындаған жобасы арқылы ІІ орынға ие болды.
Ал 11-сынып оқушысы Бақнұр Амангелді мен 8-сынып оқушысы Нұржанбек Құрманбек ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Оқушылар тарих және биология бойынша тың жобаларын таныстырды. Бақнұрдың жұмысы атақты түркітанушы Иштван Қоңыр Мандокидің өмірі мен қазақ әдебиетіне қосқан үлесін зерттеу нәтижелеріне арналды.
Еуропалық қыпшақтанудың негізін салушы әдеби қазақ мақалдары мен шешендік сөздерді зерттеген болатын. Бұл жинақ еш жерде жарияланбай қалған. Иштван Қоңыр Мандокидің шығармашылығын жас зерттеушілер қауымдастығын құрып, оның еңбектерін жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз, - дейді Бақнұр Амангелді.
Нұржанбек Құрманбек биологиялық препарат – "фитоп" тыңайтқышының күріш дақылының өсуіне әсерін зерттеді. Мектеп зертханасында арнайы тәжірибе өткізген ол аталған тыңайтқыш күріштің өсуін 5 есе және өнімділігін 3-4 пайызға арттыратынын дәлелдеді.
Жоба авторының айтуынша, бұл препаратты қолдану экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар Сыр өңірінің климаттық жағдайына да қолайлы.