Қызылорда облысындағы құрылыс қарқыны қалай?

22 Шілде 2020, 22:20
2753
Бөлісу:
Қызылорда облысындағы құрылыс қарқыны қалай?

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сыр өңiрінде мемлекеттiк бағдарламалар аясында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр? Карантин кезiнде құрылыс жұмыстарында iркіліс болды ма? Тұрғын үйлердiң құрылысы қарқынды ма? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қалa құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетовпен сұхбаттасқан едік.

– Арнұр Әлібекұлы, "Жұмыспен қамтy жол картасы 2020" бағдарламасы аясында облыста қандай жобалар атқарылyда?

– Биыл басқарма арқылы "Жұмыспен қамтy жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында 5 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған. Атап кетейін. Бірiнші, Қызылорда қаласы Гидроузел көшесi №21 мекен-жайынан салынатын байдарка және каноэ есу базасының құрылысы. Екінші, Қызылорда қаласы Ақжарма елді мекенiндегі Н.Тасымова №60 көшесiнде орналасқан ғимаратты медициналық базасы ретінде қайта жаңғырту. Үшіншісі де Қызылорда қаласында. Е.Әyелбеков көшесi №5 мекен-жайындағы филармония ғимаратына қосымша құрылыс салынып жатыр. Төртіншіден, Қызылорда қаласы Сүлейменов көшесі №69 мекенжайдағы №6 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөсіпірімдер мектебіне қарасты футбол алаңы қайта жаңғырту. Бесінші, Шиелі аудандық тарихи- өлкетану ғимаратына қосымша құрылысы. Барлық нысандардың құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жобаларға тартылған жұмысшылардың көбісі жергілікті жердің тұрғындары. "Жұмыспен қамту жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша ашылатын жұмыс орны – 336. Оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша – 302, Шиелі ауданы бойынша 34 азамат жұмыспен қамтылады.

– Пандемия кезінде құрылыс компаниялары қандай кедергілерге кезігіп жатыр?

– Бастапқыда, яғни Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен 12-29 сәуір аралығында – уақытша 17 күнге құрылыс жұмыстары тоқтатылған еді. Одан кейін құрылыста қиындықтар туындамады десек те болады. Жұмыста іркіліс жоқ. Қазіргі таңда барлық нысандардың құрылысы бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жүгізіліп жатыр. Құрылыс алаңдарында санитарлық-дезинфекциялық режим қатаң сақталады. Жұмысшылардың барлығы күн сайын медициналық бақылаудан өтіп отырады. Олардың маска тағып жүруі де жіті қадағаланады.

– Қызылорда қаласының сол жағалауы құрылыс алаңына айналғанын көріп отырмыз. Жаңа шаһарға қатысты бүгінгі және болашақтағы жоспарларыңызды тарқатып айта кетсеңіз?

– Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес, 2017 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аумақта жаңа қаланың құрылысы басталды.

Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаланың аумағы 1532 гектар болады. Оның ішінде 367 гектар жер телімі – рекреациялық аймақтарға, 537 гектары – тұрғын үй құрылысына, 190 гектары – сауда орындары мен офистік ғимараттарға, 270 гектары – әлеуметтік инфрақұрылымға арналған.

2017-2019 жылдары аралығында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, бүгінгі бой көтерген 5 қабатты тұрғын үйлерден бастау алып, оңтүстікке қарай жалпы аумағы 51,06 гектарды құрайтын бульвардың құрылысы кезең-кезеңдерге бөлініп жүргізіледі. Бірінші кезеңде 26,3 гектар аумақты игеру қарастырылған.

Қазіргі таңда, Сырдария өзенінің сол жағалауында зәулім, сәулетті ғимараттар бой түзеген. Атап айтқанда, «Болашақ» yниверситетінің бас корпyсы, Жастар орталығы, Қазақ Орталық атқарy комитетiнің мұражайы салынды. Сонымен бірге 320 орындық балабақша, 700 орындық жеке мектеп, 3 тұрғын кварталында 2234 пәтердi құрайтын 48 көп қабатты тұрғын үйлер бой көтерiп, бас шаһардың көркiне көрік қосып тұр. Қуантарлығы сол, қазіргі таңда сол жағалауда бір қауым ел бар. Тіршілігі жанданып келе жатыр. Жаңа қаланың болашағы жарқын. Ең бастысы, ол аумаққа газ, су, жарық және тағы басқа қажетті инфрақұрылым жеткізілген.

Қызылорда қаласының сол жағалауын дамыту жобасы өңіріміздің ең маңызды жобаларының бірі болып саналады. Олай дейтін себебіміз, ауқымды жобаның іске асырылуының арқасында қала тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарады, алдағы уақытта аймақ экономикасының түрлі салаларын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді.

– Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі қай кезде де күн тәртібінен түспейтіні белгілі. Облыста, қалада кейінгі жылдары қанша шағын аудан, қанша пәтер салынды?

– Сыр өңірінде баспана құрылысы қарқынды. Расында, бұл жағынан келгенде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жүріп жатыр. Соңғы үш жылда облыста барлығы 17 шағын аудан бой көтеріп, барлығы 2067 пәтер салынып, халық игілігіне берілді. Атап айтар болсақ, Қызылорда қаласында 11 шағын аудан салынып, 1630 пәтердің кілті табысталды. Ал аудандарда 6 шағын аудан бой көтеріп, ондағы 437 пәтер пайдалануға берілді.

Биыл облыс бойынша, яғни қала мен аудандарда барлығы 1406 пәтерді құрайтын 87 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл аяғына дейін 969 пәтерлі 74 тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға беру жоспарланып отыр.

– Өздеріңізге белгілі, сол жағалаудағы тұрғын үйдің сапасы сын көтермейтіні туралы мәселе туындады. Тұрғындардың шағымы қанағаттандырылды ма?

– Жалпы құрылыс жұмыстары барысында сапа мәселесі бірінші кезекте тұрады. Барлық нысандардың құрылысы бекітілген жобалық сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізіледі. Құрылыс-монтаж жұмыстары техникалық және авторлық қадағалау өкілдерімен бақыланады. Бекітілген жобадан ауытқушылықтар немесе кемшіліктер болған жағдайда дер кезінде ескертпелер беріліп, қалпына келтіріліп отырады. Егер пайдалануға берілген тұрғын үйлерде ақаулар болған жағдайда тұрғындарға кепілдік мерзімде (2 жыл) мердігер мекеме тарапынан кеткен ақауларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп беріледі.

– Халыққа мектеп, аурухана, емхана, мәдениет үйлері қажет. Осы бағытта түрлі өтініш те, шағым да болады. Басқарма тарапынан қандай әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылыс жобалары жүзеге асырылып жатыр?

– 2020 жылы басқарма бойынша барлығы 30 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізу жоспарланған. Дәлірек айтсақ, білім саласында – 11 нысан, денсаулық сақтау саласында – 4, мәдениет саласында – 4, спорт саласында – 4, құқық қорғау саласында – 4, әкімшілік ғимарат – 2, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 1 нысан бар. Осы жыл соңына дейін 22 нысанды аяқтап, халықтың игіліне пайдалануға беруді мақсат етіп отырмыз.

– Құрылыс саласында жемқорлық мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл індетпен күрес қалай жүріп жатыр?

– Құрылыс саласында басқарма бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау шаралары қатаң бақылауға алынған.

Жыл сайын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп отырады.

Өздеріңізге белгілі, барлық құрылыс нысандарын жүргізу мемлекеттік сатып алу рәсімдерімен жүзеге асырылады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері біріңғай мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүргізіледі. Ол баршаға қолжетімді және ашық түрде өткізіліп отырады. Осының негізінде жеңімпаз мекемемен тікелей қатынас жойылған. Барлық шарт жасасу, орындалған жұмыстардың актілері, төлем құжаттары электронды түрде жүргізіледі.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын бақылау, техникалық қадағалаушы мекеме мен авторлық қадағалаушы мекемелермен бақыланып, тиісті ескертпелері басқармаға жолданып отырады.

Осыған сәйкес, басқарма бойынша құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты болдырмау шаралары басқарма басшысының қатаң бақылауына алынған. Соңғы 4 жылда басқарма қызметшілері арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі орын алмаған.

Алдағы уақытта да бұл шаралар қатаң бақылауда болады.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы