Биыл Қызылорда облысында «Рухани жаңғыру» аясында 89 жоба іске асады

19 Наурыз 2019, 21:04
3513
Бөлісу:
Биыл Қызылорда облысында «Рухани жаңғыру» аясында 89 жоба іске асады

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Шиелі ауданында «Рухани жаңғыру – тарихи таңдау» ғылыми-танымдық конференциясы өтті.

Ғ.Мұхамеджанов атындағы №270 мектепте ұйымдастырылған басқосуға Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас және ғалымдар, сарапшылар қатысты. Олар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелерді талдап, таразылады.

«Рухани жаңғыру туралы сөз еткенімізде, рух сөзінің философиялық мағынасына үңілгеніміз абзал. Рух сөзі діни тұрғыдан тәнге күш беруші, егер рух тәннен ажыраса, өмір тоқтайды деген мағынаны білдіреді. Философиялық тұрғыдан рух туралы көптеген кемеңгер ойшылдар өз пікірлерін қалдырған. Соның ішінде, ұлы Абай айтқан үш нәрсенің өзі көп дүниені аңғартса керек. Біріншісі – адамның Жаратушысына қатынасы. Екіншісі – адамның адамға қатынасы, үшіншісі – адамдарды адам басқаруына қатысты ойлары. Рух туралы ойымызды түйіндер болсақ, рух – ол адамның күші. Ал рухы мықты адам қай кезде де өзгелерден басым тұрады. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы айтқанымызда, оның мән-мазмұнына үңілгеніміз жөн деп есептеймін», – дейді Нұрлыбек Мыңжас.

Ғалымның айтуынша, 2017 жылы 12 сәуірде жарық көрген Елбасының бағдарламалық мақаласына жуырда екі жыл толады. Аз ғана уақыттың ішінде елде қаншама жаңалықтар мен өзгерістер болды.

«Қызылорда облысының өзінде бағдарламаны іске асыру мақсатында облыстық орталық ашылды. Қазіргі таңда орталықта барлығы 15 қызметкер жұмыс істеуде. Орталық бастамасымен бүгінгі күнге дейін 350-ден астам ауқымды шара өткізілді. Бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – прагматизмді дәріптейтін «Тал бесіктен жер бесікке дейін...» жобасы. Аталмыш жоба аясында салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға байланысты прагматизмді барынша насихаттауға мән беріледі. Жасыратыны жоқ, Сыр өңірінің әр аймағында салт-дәстүрлердің бірнеше түрін кездестіруге болады. Мақсатымыз – ысырапшылдыққа жол бермеу. Осы орайда орталық қызметкерлері жақын күндері этнографиялық экспедицияға шығады. Бар үмітіміз – елде прагматизмді кеңінен түсіндіріп, той мен садақада ысырапшылдыққа жол бермеу. Сондай-ақ, жастарды прагматизмге тәрбилеуіміз қажет деп білемін», - дейді «Рухани жаңғыру» орталығының директоры.

PhD докторанты Бекарыс Нұриманның пікірінше, рухани жаңғыру – өткенімізді қайта тірілту, бұрынғы бекзат бабаларымыздың бойындағы асыл қасиеттерді қайта жаңғырту.

«Біздің тарихымыз тым тереңде жатыр. Әлемге әмірін жүргізген ата-бабамыздың ерлігі бүгінгі ұрпаққа ертегі секілді болып естілуі мүмкін. Сондықтан, нақты деректерге жүгініп көрейік. Мысалы, Венецияның мемлекеттік мұрағатынан табылған құжаттарда олардың Алтын орда хандығына салық төлеп тұрғаны туралы деректер сақталған. Ал Британ музейінде тұрған оюлы етік пен Ұлытау музейінде сақталған етіктер бір-біріне өте ұқсас. Қонышындағы оюлардың күміс жіппен тігілгені – біздің қаншалықты мәдениетті, ауқатты тұрғанымыздың куәсі», - дейді Бекарыс Нұриман.

Сонымен қатар, оның айтуынша, қазақтың байлығы туралы мұрағат құжаттарында жиі кездеседі. Алысқа бармай-ақ, кешегі кәмпескелеу, репрессия жылдарындағы деректерде қазақтардың орташа деңгейлі адамының 200-ге жуық жылқысы, 100-ге жуық түйесі және мыңға тарта қойы болған.

«Кез келген дүниесі түгел адам әлемді шарлап, өзгеден озық болғысы келеді. Сол кезеңнің өзінде қазақтың аты шыққан байлары өз әулетінің, ауылының балаларын шетелде оқытып, олардың білім алуына ықпал жасаған. Біз осындай тектілігімізден, байлығымыздан айырылып қалдық. Түрлі саяси реформалар қазақты оқымаған, надан, бұратана етіп көрсетуге тырысты. Қазақтың тарихына қатысты пікірлер мен зерттеулер де біржақты жүргізілді. Міне, осындай олқылықтың орнын толтыру үшін Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жариялады. Мақалада айтылған міндеттерді орындауда ең алдымен көне түрік ескерткіштері мен көне әдеби жәдігерлерімізге тәуелсіз қазақтың көзімен қарап, түпнұсқадан тікелей аударуымыз керек. Осы мақсатта Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» кітабын түпнұсқасымен айналысып, қоғамдық сананың жаңғыруына аз да болса үлесімді қосқым келеді», - деп сөзін түйіндеді ғалым.

Филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшірбекованың пайымдауынша, көпшілік рухани жаңғыруды мәдени шаралар, спорттық ойындар, ұлттық киімдер деп түсінбеуі керек. «Шын мәнінде жаңғыру – әрбір адамның өзгеруі, жаңаруы, өмір сүру дағдысының уақыт талабынан сәйкестігі» дейді ол.

«Ағымдағы жылы бағдарлама бойынша 89 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. Олардың ішінде орталық ғалымдарының бастамасымен «Қорқыттың даналық сөздері», «Алаш қайраткерлерінің Қызылорда кезеңі», «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: аңыздар, дастандар, хикаяттар», «Ұлттық құндылықтар негізінде дәстүрлі отбасы институтын жаңғырту» жобалары орындалады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алты бағыты бойынша 7 арнайы жоба республика көлемінде өз нәтижесін беруде», - деген Гүлмира Әшірбекова атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Қазіргі таңда «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында жарық көрген 18 оқулық бойынша Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да бірнеше мамандықтарда элективті курстар жүргізілсе, «Латын қарпіне көшу» арнайы жобасы бойынша 15 семинар, 32 кездесу өткізілді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы нәтижесінде 6 жеңімпаз – Сыр өңірінің тумасы. «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» арнайы жобасы аясында 12 нысан жалпыұлттық тізімге, 35 нысан жергілікті киелі жерлер тізіміне енді. Биылғы жылы Сыр өңірінен тағы да 10 нысан туралы мәліметтер жолданбақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақ өнерпаздары ұлттық мәдениет пен өнерді дәріптеуде АҚШ-та, Ресейде, Түркияда, Қазанда түрлі сайыстар мен фестивалдарға қатысты.

«Бағдарлама бойынша белсенді қолдауға ие болған арнайы жобалардың бірі – «Туған жер». Арнайы жоба іске қосылғалы аймақтың жанашыр азаматтары 20 млрд теңгеге жуық қаржыға туған жерді түлетуге, абаттандыруға жұмсады. Бүгінгі күні Қызылорда облысының мектеп оқушылары ауылдық спорт кешендерінде түрлі спорттық үйірмелерге қатысып, республикалық сайыстардан жүлделі орындармен оралуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жобалау менеджменті талаптарына сәйкес іске қосылғандықтан, оның нәтижелері де айқын. Алдағы уақытта бағдарлама «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған жобалармен толығып, мазмұнды әрі тиімді жұмыстармен жалғасады», - дейді Гүлмира Әшірбекова.      

Сонымен қатар, ғылыми-танымдық конференцияның қонақтары қолөнер бұйымдары қойылған көрмені тамашалады. Бұдан бөлек, Шиелі кентіндегі «Рухани жаңғыру» аллеясына барды.

Өзгелердің жаңалығы