Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында прокуратура органдарымен жер заңнамаларының сақталуына жүргізілген тексеру нәтижесі қаралды, деп хабарлады Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Жиында облыс прокуроры Н.Бижанов игерілмеген жер учаскелерін қайтару мен айналымға тарту, салықтың төленуі, жерге кезектілік, оны табыстау мен бөлшектеу, қаланың бас жоспары бойынша жер заңнамаларын бұзушылықтарды атап өтті.
"Прокуратурамен 1074 игерілмеген жер учаскесі анықталған. Оның 408-і кәсіпкерлік, қалғаны ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер", - делінген хабарламада.
Жергілікті әкімдермен игерілгені жөнінде хабарланған жайылымдық жерге қарсы тексеруде оның 20%-да мал басы тіркелмегені анықталды.
Уәкілетті инспекциямен игерілмеген жерлерге уақтылы тексерудің жүргізілмеуінен бірнеше жер учаскесі басқа тұлғаларға сатылып, нысаналы мақсаты тұрғын үй салуға ауыстырылған.
Қаланың бас жоспарының талаптары сақталмай, табысталған жерлер прокурордың наразылығымен кері қайтарылды.
Отырыста жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы және қалалық әкімдік басшыларының есептері тыңдалып, оларға тиісті міндеттер жүктелді.
Мәжіліс соңында облыс прокуроры президенттің Жолдауын және жер саласындағы жүйелі заңсыздықтарды болдырмаудың іс-шаралар жоспарын бекітіп, жұмысшы тобын құрып, тоқсан сайын есептерін тыңдауды ұсынып, облыс әкімінен қолдау тапты.