Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары тағайындалды

2 Сәуір 2019, 20:44
4479
Бөлісу:
Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Намаев Бақытжан Біләлұлы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Б. Намаев 1964 жылы туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін "Саяси экономика" мамандығы бойынша, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін "Мұнай-газ құбырлары мен қоймаларды жобалау, салу және пайдалану" мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ, М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1985 жылы Өскемен құрылыс-жол институтының Алматы филиалы жалпытехникалық факультетінің ассистенті болып бастаған. Әр жылдары жеке сектор мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жүйесінде жауапты басшылық лауазымдарда және "Батум мұнай терминалы" компаниясының бас директоры лауазымын атқарған.

2018 жылдың наурыз айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Сондай-ақ, Имандосов Мұрат Самұратұлы Қызылорда облысы әкімінің өндіріс, инвестициялық саясат, кәсіпкерлік және туризм мәселелері жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

М. Имандосов 1972 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін "Экономист" мамандығы бойынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "Заңгер" мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1994 жылы Қазалы ауданы бойынша салық инспекциясының маманы болып бастаған. 1995-2000 жылдары Қазалы ауданы бойынша салық инспекциясының инспекторы, бас маманы, бөлім бастығы, төраға орынбасары болды. 2003-2008 жылдары Шиелі ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы, Қызылорда облысы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау Комитетінің монополияға қарсы басқармасының бастығы болған.

2008-2011 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау Агенттігінің Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясының бастығы, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясының бастығы лаауазымын атқарды.

2011-2016 жылдары - Қызылорда облысы Қазалы және Қармақшы аудандарының әкімі, Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы.

2016 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарып келді.

 Ал Қызылорда облысы әкімінің сәулет және қала құрылысы, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болып Ким Евгений Германович тағайындалды.

 Ол осы уақытқа дейін облыс әкімінің өндіріс, инвестициялық саясат, кәсіпкерлік және туризм мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келді.

Е.Ким 1975 жылы Қызылорда облысының Тасбөгет кентінде дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетін және қоғамдық ғимараттар институтын бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1999 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің экономика және менеджмент кафедрасының аға оқытушысы болып бастаған. 2001-2004 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы болып жұмыс істеді.

2004-2006 жылдары "Жетісу" акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі, қаржы-талдау департаментінің директоры және вице-президенті қызметтерін атқарды.

2006-2010 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, 2010-2012 жылдары "Ларими Инвест Груп" ЖШС Бас директоры болды.

2012-2013 жылдары - ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың наурызынан бастап Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі болған.

 

Өзгелердің жаңалығы