Ювеналды полиция жоғалған 3 жасар бүлдіршінді тапты

3 Наурыз 2021, 14:11
3191
Бөлісу:
Ювеналды полиция жоғалған 3 жасар бүлдіршінді тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарыағаш АПБ кезекші бөлімінің 102 пультіне күндізгі уақытта кішкентай баланың хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама келіп түсті. 

Баланың ата-анасы олардың 3 жасар ұлы аулада скутермен ойнап жүріп, содан кейін белгісіз бағытта жоғалып кеткенін айтты. Оқиға орнына Сарыағаш АПБ жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері дереу бағыт алып, жоғалған бүлдіршінді іздестіруге кірісті.

Сарыағаш ауданының ювеналды полиция инспекторлары полиция майоры Нұржан Хусаинов пен Гүлмира Сарыбаева жақын маңдағы барлық көшелерді, аулаларды мұқият аралап, жалғыз жүрген баланы көруі мүмкін деген куәгерлер мен жолаушылардан сұрастырды. Оған қоса бейнебақылау камераларын тексерді.

Осылайша екі сағат ішінде тәртіп сақшылары үйден екі шақырым жердегі аудан орталығының қиылыстарының бірінен жоғалған бүлдіршінді тапты. Табылған баланы тәртіп сақшылары аман - есен үйіне жеткізіп, анасына тапсырды.

Өз кезегінде Сарыағаш қаласының тұрғыны ювеналды полиция инспекторлары полиция майоры Н. Хусаинов пен Г.Сарыбаеваға және Сарыағаш АПБ-нің барлық жеке құрамына кішкентай ұлын іздеп, тауып бергені үшін алғысын айтты.

Бүгін, түстен кейін мен аулада ойнап жүрген үлкен ұлымды таппай қалдым. Содан соң бірден полицияның көмегіне жүгіндім. Өз кезегінде тәртіп сақшылары менің ұлымды тауып берді. Сондықтан Сарыағаш ауданының полицейлеріне алғысымды білдіргім келеді. Оларға денсаулық пен қызметте табыс тілеймін. Қазір балам менің қасымда. Көп рақмет, - деді жергілікті тұрғын полицияға ризашылығын жеткізіп.

Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға балаларына мұқият қарау мен оларды назардан тыс қалдырмау қажеттігін айтады. 



Өзгелердің жаңалығы