ЮНИСЕФ гуманитарлық көмек ауқымын кеңейтіп жатыр

6 Наурыз 2022, 11:11
1856
Бөлісу:
ЮНИСЕФ гуманитарлық көмек ауқымын кеңейтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі Украина мен көршілес елдердегі балалар мен олардың отбасыларына өмірлік маңызы бар көмек көрсету үшін қайырмалдық қаражат жинауды бастағандығын жариялайды.

Украинадағы қақтығыстың күшеюі елдегі 7,5 миллион баланың өмірі мен амандығына тікелей және артып келе жатқан қауіп төндіруде. Қақтығысқа ұшыраған балалар мен отбасыларға көмек дәл қазір қажет.

Соңғы сегіз жыл ішінде Украинаның шығысындағы қақтығыс қарама-қарсы екі жақтағы да балаларға елеулі және ұзақ залал келтірді. Енді қасірет бүкіл елге таралып отыр.

Украинада гуманитарлық көмекке деген қажеттілік сағат сайын артып барады. Сумен жабдықтау жүйелерінің инфрақұрылымының бұзылуына байланысты жүздеген мың адам таза ауыз сусыз қалуда, сондай-ақ адамдардың көпшілігі денсаулық сақтау сияқты басқа да өмірлік маңызы бар қызметтерге қол жеткізе алмауда. Адамдарға өмірлік маңызды медициналық құралдар мен жабдықтар жетіспеуде, соның салдарынан полиомиелит өршуіне қарсы бағытталған шұғыл шаралар тоқтатылды.

ЮНИСЕФ қақтығысқа ұшыраған балалар мен отбасыларды денсаулық сақтау, білім беру, қорғау, сумен жабдықтау және санитария сынды негізгі қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында серіктестерімен жұмыс жасауда.

Сондай-ақ ЮНИСЕФ көрші елдердің шекарасын кесіп өткен балалар мен отбасылардың шұғыл қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша өз қызметінің ауқымын ұлғайтуда. Бұл балалар мен аналарға осы қызметтерді пайдалана алатындай транзиттік бағыттар бойымен қауіпсіз Blue Dot ("көк нүктелер") кеңістіктерін құруды қамтиды.

Қазақстанда жиналған қаражат Украина мен көрші елдерде зардап шегіп отырған отбасылар мен балаларға гуманитарлық көмек көрсету аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жиналған қаражат тез өсіп келе жатқан гуманитарлық қажеттіліктерді, соның ішінде жедел медициналық көмек, маңызды дәрі-дәрмектер, медициналық құрал-жабдықтар, ішу және гигиеналық мақсаттар үшін таза ауыз су, үйлерін тастауға мәжбүр болған адамдарды баспана және қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етуге көмектеседі.

ЮНИСЕФ балалардың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Қазақстандықтардың қосқан үлесі гуманитарлық көмек көлемін арттыруға ықпал етеді, - деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.

Өзгелердің жаңалығы