ЮНИСЕФ: 2000 қыз бала наноспутник құрастыруды үйренеді

7 Ақпан 2022, 17:12
2370
Бөлісу:
ЮНИСЕФ: 2000 қыз бала наноспутник құрастыруды үйренеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдігі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Ғылыми-технологиялық паркімен» (Технопарк) бірлесе отырып, 14 пен 35 жас аралығындағы қыздарға арналған наноспутниктерді жасау бойынша тегін онлайн-курсты бастайды.

Курс қатысушалары ғарыш аппараттарын жобалауды, дизайн және бағдарламалауды меңгереді. Биыл қазақстандық қыздардың өз наноспутниктерін жасап, оны стратосфераға ұшыруға мүмкіндіктері болады.

Курс барысында барлық қатысушылар наноспутникті ұшырған соң, жинағалған экологиялық деректерді тәлімгерлердің қолдауымен өңдеуді үйренеді. Курс мұғалімдері деректерді визуализациялауды, сондай-ақ ғылыми және практикалық мақсаттарда пайдаланатын миссияның соңғы есебін жазуды үйретеді. Қыздар аэроғарыштық технологиялар саласындағы жетекші қазақстандық сарапшылардан 3D модельдеу, бағдарламалық басқару блоктарының дизайны, бағдарламалық және аппараттық құралдарды әзірлеу дағдылары, коммуникациялар және Linux жүйесінде бағдарламалау негіздері туралы білім алады. 

Онлайн курс аптасына 2 рет 17 наурызға дейін жалғасады. Онлайн сабақтар мен вебинарларға қатысқан ең белсенді 200 қазақстандық қыз бала Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген құрдастарымен бірге екі апталық практикалық семинарға қатыса алады. Курстың тренерлері мен тәлімгерлері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары болады.

ЮНИСЕФ қыздар арасында STEM білім беруді ілгерілету үшін қажетті жобаларды әзірлеуде. Бұл салаға деген белсенді қызығушылықты мектеп қабырғасынан бастау керек деп есептейміз. Біздің наноспутникті құрыстыру бойынша курсымыз қатысушыларды ғылым, технология, инженерия және математика салаларында білім алуға және мансапқа ұмтылуға шабыттандырады деп үміттенеміз. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық үміткерлерге бағдарламаға қатысуға және жұлдыздарға қол созуға шақырғым келеді, - деді Артур ван Дизен, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі.

Жоба үйлестірушісі, ҚазҰУ инженерлік және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаев бұл ғарыштық робототехниканы дамытудың нақты кейсі екенін айтады. 

ЮНИСЕФ Қазақстан мен ҚазҰУ бірлескен жобасы ғарыш аппаратын құрудың барлық негізгі кезеңдерін зерттей отырып, ғарыштық робототехниканы дамытудың нақты кейсі болып табылады, - деді ол.

Курсқа тіркелу үшін физика немесе астрономия саласындағы арнайы білімнің қажеті жоқ. Кез келген оқушы немесе студент қыз берілген сілтеме бойынша өтініш толтырып, тегін курсқа жазыла алады.

Тіркеуге өтініш берудің соңғы мерзімі: 2022 жылдың 10 ақпаны.

Онлайн курс Dubai Cares халықаралық қайырымдылық қоры, Clé de Peau Beauté бренді және филантроп Назанин Алакия ханымның қолдауымен құрылған.

Курс ЮНИСЕФ пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ КЕАҚ бірлескен білім беру бағдарламасы – UniSat аясында өткізіледі. Өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында 20 қыз наноспутник жасап, оларды стратосфераға ұшырды. Іске қосылған наноспутниктер Жерді суретке түсіріп, ғалымдардың одан әрі талдауы үшін радиация, қысым, гравитация, жарық және газ құрамы туралы мәліметтер жинады.

«UniSat» бағдарламасының мақсаты – қыздардың наноспутниктерді жасау саласындағы білімдері мен біліктілігін дамыту, сонымен қатар топта жұмыс істеу, шешендік өнер, уақытты басқару және шығармашылық тапқырлық сияқты дағдыларды жетілдіру.

Өзгелердің жаңалығы