ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері бойынша ұлттық комиссияның отырысы өтті

27 Қараша 2020, 22:22
2312
Бөлісу:
ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері бойынша ұлттық комиссияның отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі, Қазақстандағы ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері бойынша ұлттық комиссияның төрағасы Ақтоты Райымқұлованың жетекшілігімен комиссияның онлайн форматта отырысы өтті.

Жиынға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ержан Ашықбаев, ЮНЕСКО-ның  Алматыдағы кластер бюросының директоры Криста Пиккат, "Мәдениеттерді жақындастыру орталығы" мемлекеттік мұражайының директоры Олжас Сүлейменов, комиссияның бас хатшысы Анар Дүтбаева және өзге мүшелері қатысты.

Министрлік басшысы жиынға қатысушыларды құттықтап, ЮНЕСКО-ның ортақ зияткерлік мұраны қорғау және ілгерілету жөніндегі мүше мемлекеттердің халықаралық үйлестіруіндегі рөлінің жоғары екенін атап өтті.

Қазақстан үкіметі ЮНЕСКО хатшылығының Қазақстанның бастамасымен жарияланған 2013-2022 жылдардағы Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы бағдарламасын қолдаудағы күш - жігерін жоғары бағалайды, - деді Ақтоты Райымқұлова.

Жиында сөз алған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ержан Ашықбаев жоспарланған іс шаралар барысы туралы баяндады.

"Пандемияға байланысты биыл көптеген іс-шара кейінге қалды немесе онлайн форматқа ауысты. Мəселен, ЮНЕСКО-ның атқарушы директоры Одри Азуленің Қазақстанға ресми сапары кейінге шегерілді. Одри Азуле келгенде Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы 2020-2023 жылдарға арналған əріптестік аясында қол қойып, бекітеміз деп отырған меморандум, бағдарлама, жобаларды бəрін қайта қарап, қазіргі жағдайға қарай талдау жасап түзетулер енгізу керек. Осы орайда білім беру, ғылым, мəдениет, ақпарат пен коммуникация саласындағы өзекті мақсаттарды ескере отырып, ұлттық комиссия хатшылығы стратегиялық маңызы бар құжаттар бойынша қосымша келіссөздер жүргізуі керек деп есептеймін. Бұл құжаттар еліміздің тұрақты дамуы үшін барлық бағыттағы қызығушылығын ескеруі тиіс. ЮНЕСКО қамтитын төрт сала бойынша жобаларды елімізде мұқият, тиянақты іске асыруымыз керек, - деді Ержан Ашықбаев.

Сонымен қатар қатысушылар ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері бойынша ұлттық комиссия қызметінің өзекті сұрақтарын талқылады. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова Қазақстан аумағындағы ЮНЕСКО тізіміне кіретін ескерткіштерді қорғауды қамтамасыз ету, «Археологиялық сараптама» ЖШС-ның директоры Дмитрий Воякин ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра құрамындағы нысандары жайлы есеп, комиссияның бас хатшысы Анар Дүтбаева ЮНЕСКО-ның 2023-2027 жылдарға арналған дүниежүзілік мұра жөніндегі мемлекетаралық комитетіне Қазақстан кандидатурасын ұсыну, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек Шымкент қаласының 2200 жылдығы жайлы бойынша сөз сөйледі.  

Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның Қазақстан-Германия университеті жанындағы су ресурсы кафедрасының қызметі жайлы аталған кафедра жетекшісі Барбара Януш Павлетта, Қазақстанның ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының президенті Болат Ақшолақов федерация қызметі, «Адам және биосфера» комитетінің қызметі жайлы комитет төрағасы Роман Ященко тарқатып айтып берді.

Осыдан кейін Қазақстандағы ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері бойынша ұлттық комиссияның бас хатшысы Анар Дүтбаева келер жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырып, қатысушылар шешімімен бекітілді.

Іс-шара соңында ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының төрағасы Ақтоты Райымқұлова қатысушыларға алғыс айтып, жемісті жұмыс тіледі.

Өзгелердің жаңалығы