ЮНЕСКО-да қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады

10 Шілде 2024, 07:43
226
Бөлісу:
ЮНЕСКО-да қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады
Фото: Сыртқы істер министрлігі

ЮНЕСКО бас пәтерінде Қазақстанның Тұрақты өкілдігі Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шара өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы саяси ведомствоға сілтеме жасап.

Оған ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің елшілері, ұйым хатшылығының қызметкерлері, Францияда тұрып жатқан отандастар қатысты.

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов биыл Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитет 2014 жылғы 26 қарашада өзінің Париждегі 9-шы сессиясында Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне домбырамен күй орындау өнерін енгізгеніне он жыл толатынын еске салды. Осыған байланысты ол "қазақ үшін домбыра музыкалық аспап қана емес, ол – бірегейлігіміз бен ұлттық рухымыздың айқын көрінісі мен куәсі" екенін атап өтті.

Ғасырлар бойы домбыра қос ішек арқылы жастарымызға ата-бабаларымыздан қалған аңыз, әдет-ғұрып пен ұмтылыстарын жеткізетін жыршы болып табылады, ал оның Ұлы даладан ЮНЕСКО-да жаһандық деңгейде танылуына дейінгі жолы – музыка тілінің әмбебап сипатының және оның халықтар мен ұрпақтарды жалғай алатын күшінің айғағы, – деді отандық дипломат.

Елші Қазақстанда домбыра ойнауды отбасыда үйренумен қатар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қолдауымен мектептерде, орта кәсіби және жоғары оқу орындарында оқыту курстарын, түрлі концерттер, фестивальдар, домбыраның халқымыздың жанды мұрасының ажырамас бөлігі болып қалуы мақсатындағы басқа да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы