Ыстанбұлда кем дегенде 10 инсульт орталығы жұмыс істейді - түркиялық дәрігер

4 Тамыз 2022, 13:53
1372
Бөлісу:
Ыстанбұлда кем дегенде 10 инсульт орталығы жұмыс істейді - түркиялық дәрігер
Фото: автордан

Бұл туралы Ыстанбұлдағы доктор Джемил Тасчиоглу қалалық ауруханасы Кардиология және интервенциялық кардиология департаментінің меңгерушісі Кадрие Киликесмес мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгін елордада «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ қарасты Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен «Инсульт мектебі» халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Жиын арасында BAQ.KZ тілшісіне түркиялық дәрігермен аз-кем тілдесудің сәті түскен болатын. 

- Кадрие ханым, Қазақстанға қош келдіңіз! Түркияда инсульт дерті мәселесі бар ма? 

- Инсульттің орын алу қаупі бүкіл әлемдегі секілді, Түркияда да көп. Әрине, бұл дер кезінде тиісті ем қолданылса, емделетін дерт. Науқастарға дер кезінде көмек көрсетудің маңызы өте зор. Статистикаға сүйенсек, Түркияда халықтың 100-де жиырма бесінде, яғни үш кісінің бірінде инсульт алу қаупі бар. Қазір инсульт алу жасқа қарамайды деуге болады. Ер адамдарда инсульт алу қатері жоғарылау.

- Негізінен бұл дертке орта есеппен неше жастағы адамдар шалдығады?

- Әдетте қан қысымы, холестерин, қандағы қант деңгейі сынды кардиоваскулярлық қатер жоғары болса, инсультке ұшырау қаупі де артады. Негізгі қауіп тобына – 65-75 жастағы адамдар кіреді. Жас ұлғайған сайын инсульт алу ықтималдылығы да көбейе түседі.  

- Инсультпен сіздің еліңізде қалай күреседі?

- Осы орайда екі кезеңге назар аударған абзал. Біріншісі, инсульттың алдын алуға болатын дерт екенін естен шығармауды ескертеміз. Алдымен адамдарды инсультқа шалдықпас үшін салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз. Ал егер адам инсульт алған жағдайда оны «алтын сағат» ережесі бойынша тез арада дәрігердің қарамағаны жеткізу керек. Медициналық көмек көрсету деңгейі мен науқастың өмірі тікелей байланысты. Бүгінгі конференциядан елдеріңізде бұл жағы жақсы жолға қойылған деген ойға келдім. Біздің елге ұқсас инсульт орталықтары құрылыпты. 

- Дегенмен, Түркияда бізге қарағанда медициналықтар орталықтар көп... 

- Иә, дегенмен, осы орайда халықтың саны да көп екенін есте сақтаған жөн. Білікті де білімді дәрігері бар орталықтардың саны артқан сайын науқастарды ертерек құтқаруға мүмкіндік те көбейеді. Бұл өте маңызды фактор деп түсіну керек. Сондықтан медициналық орталықтар мен дәрігерлерді көбірек дайындауды ұсынамын.

- Сіздерде қанша инсульт орталығы бар? 

- Түркия бойынша жалпы қанша орталық барын айта алмаймын. Алайда Ыстанбұлда кем дегенде 10 орталық бар. 20 млн халқы бар шаһар үшін бұл қалыпты деп ойлаймын. 

- Жаңа «алтын сағат» ережесі дедіңіз. Инсульт жағдайында бұл қазір қанша сағатты құрайды?

- «Алтын сағат» ережесі бұрын үш сағат болатын. Қазір 6 сағатқа дейін, яғни науқастың инсультке ұқсайтын шағымдары басталған соң 6 сағат ішінде алғашқы көмек көрсетіліп, дәрігерлердің қамқорлығына алынуы тиіс. Кейбір пациенттерде 12 сағатқа дейін ұзартылуы мүмкін. Егер инсульт белгілері байқалса, науқастың барынша жылдам, ерте ауруханаға барғаны немесе жеткізілгені маңызды. Жедел жәрдемге қоңырау шалған соң олар инсультке күдік бар екендігі туралы естіген соң ең жақын маңдағы инсультті анықтай алатын ауруханаға бағыттап, жеткізуді ұйымдастыруы тиіс. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы