Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мектеп ғимаратының дәлізінде денешынықтыру сабағын өткізіп келген ұранхайлық оқушылар алдағы оқу жылынан бастап жеке спортзалда жаттығатын болды.
Күршім ауданының Ұранхай ауылында жаңадан салынған спортзал қыркүйек айынан бастап қолданысқа беріледі. Бұл туралы Төсқайың ауылдық округінің әкімі Әлижан Беткенбаев хабарлады.
Ауыл мектебінің оқушылары бұған дейін мектеп ғимаратының дәлізінде спортпен шұғылданып келген болатын. Биыл жергілікті жердегі ұйымдардың басшылары мен кәсіпкерлер көмегінің арқасында жаңадан спортзал тұрғыздық. Ғимарат ішінде ойын алаңынан бөлек, киіну бөлмелері де бар, - дейді Әлижан Қарлқанұлы.
Қазіргі уақытта 70-ке жуық бала білім алатын мектепте қысқы спорт түрлерімен айналысып, аудандық, облыстық біріншіліктерде жүлделі орындар алып жүрген жасөспірімдер де аз емес. Сол себепті ауыл үшін жеке спорт залының ауадай қажет екенін айтқан ауыл әкімі аталмыш нысанның алдағы уақытта мәдени іс-шараларды өткізетін орын ретінде де қолданылатынын атап өтті. Сонымен қатар, ауылдағы апаттық жағдайда тұрған мектеп ғимараты жақын жылдары қалпына келтіріледі.
Өткен жылы Марқакөл орман шаруашылығына қарасты болып келген 69 гектар аумақ елді мекен қарамағына қайтарылды. Бұл өз кезегінде ауылдағы осыған дейін қолға алынбай келе жатқан бірқатар істі алға жылжытуға мүмкіндік берді. Солардың бірі ауылдың бүгінде апаттық жағдайда тұрған мектебі. Жер мәселесіне байланысты мектеп ғимаратын сала алмай отырған болатынбыз. Қазіргі уақытта жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр. Барлығы дұрыс болса, келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастап кетуіміз де ғажап емес, – деп қосты Әлижан Қарлқанұлы.
Жалпы құны 350 миллион теңгеге бағаланған білім ордасының жаңа ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасы жыл соңына дейін дайын болуы мүмкін екенін алға тартқан ауыл әкімі, қажетті материалдардың қыс айларында жеткізіліп, құрылыс жұмыстары келесі жылы басталып кетуі мүмкін екенін айтады.