Астанада Халықаралық йога күніне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, йогаға қызығушылығы бар жүздеген адамды біріктірді. Биыл бұл мерекенің әлемдік деңгейде тойланып келе жатқанына 10 жыл толып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласындағы ашық аспан астында өткен мерекелік жиынға түрлі жастағы тұрғындар мен йога жаттықтырушылары қатысты.





Йога мен үшін жан мен тәннің саулығын сезіне білу. Ол тек физикалық жаттығу ғана емес, ол – ішкі тыныштық пен үйлесімді өмірге бастайтын жол. Күнделікті өмірдің қарбаласында йога маған өз-өзіме келуге, ойымды жинақтап, тынығуға көмектеседі. Қолым босаса, үйде арнайы сабақтарды қарап, қайталауға тырысамын. Әсіресе жұмыстан шаршап келгенде, йога жасап, бәрін ұмытып, терең тыныстап, нағыз тынығу сәтін сезінемін. Биыл алғаш рет Халықаралық йога күніне арналған шараға қатыстым. Бұл мен үшін тың тәжірибе болды. Ашық аспан астында жүздеген адаммен бірге жаттығу жасау ерекше әсер сыйлады. Адамның өзімен-өзі үндесіп, айнала әлеммен үйлесімділік табуы – йоганың нағыз мәні осы деп ойлаймын. Алдағы уақытта да мұндай рухани сәттерді өмірімнің бір бөлшегі еткім келеді. Йога – шын мәнінде, сабыр мен сергектіктің қайнар көзі, - дейді Йога күніне қатысқан елордалық Наргиз Наркеш.
Мереке аясында ашық аспан астында топтық йога сессиясы ұйымдастырылып, тәжірибелі нұсқаушылар қатысушыларға түрлі тыныс алу жаттығуларын, дене қимылдарын және медитация элементтерін көрсетті. Сонымен қатар йогаға жаңадан қызығушылық танытқан азаматтар үшін арнайы таныстырылым мен кеңес берілді.

Кеш соңында елшілік пен Мәдениет орталығының өкілдері белсенді қатысушыларға алғыс білдіріп, йоганың Қазақстанда әрі қарай кең таралуына сенім білдірді.
Күнделікті өмірде йоганың пайдасы қандай?
Қазіргі заманда стреске, тез қарқынмен өтетін күн тәртібіне, ұйқысыздық пен дене ауырлықтарына тап болмайтын адам кемде-кем. Осындай жағдайда йога – дене мен сананы теңгеріп, адамның ішкі және сыртқы тепе-теңдігін сақтауға көмектесетін бірегей құрал. Ол тек спорттық жаттығу ғана емес, тұтас өмір салты.

1. Стресті азайтады, тыныштық сыйлайды
Йога жаттығулары тыныс алуға мән беріп, сананы «осы сәтке» шоғырландыруға үйретеді. Бұл – мазасыздықты азайтып, күйзеліске қарсы иммунитет қалыптастырудың табиғи жолы.
2. Дене икемділігін арттырады
Күнделікті 15-30 минут йога жаттығуын жасау – бұлшықеттерді созып, арқа, мойын, буын ауруларын жеңілдетуге көмектеседі. Кеңсе қызметкерлері мен көп отыратын адамдар үшін бұл аса пайдалы.
3. Ұйқы сапасын жақсартады
Жүйке жүйесін тыныштандыратын тыныс жаттығулары мен медитация ұйқысыздықпен күресуде тиімді. Ұйқы терең, дене шынайы демалып, қалпына келеді.

4. Ас қорыту мен зат алмасуды жақсартады
Кейбір йога асаналары ішкі ағзаларға массаж әсерін беріп, ішек жұмысын реттейді. Бұл – дұрыс тамақтанумен қатар ішкі ағзаларды сау ұстауға көмектеседі.
5. Иммунитетті күшейтеді
Йогада тыныс пен қозғалыс үйлесімі арқылы лимфа жүйесі белсеніп, ағзадағы токсиндер шығып, қорғаныс күші артады. Бұл – жиі ауырмай, сергек жүруге мүмкіндік береді.
.jpg)
6. Зейінді арттырады, эмоцияны реттейді
Йога – ойды тәртіпке келтіріп, өмірдегі басты құндылықтарды қайта бағамдауға жол ашады. Бұл әсіресе күйгелек, ашушаң мінезді сабырлы етуге сеп.
7. Өзін-өзі тануға жол ашады
Медитация мен тыныс арқылы ішкі әлемге үңілу – адамның рухани дамуына, өзімен үйлесімді болуына жол ашады.

Йога – бұл дене мен жанның үндестігі ғана емес, бұл әлемдегі бейбітшілік пен татулыққа бастайтын жол. Халықаралық йога күні осы ізгілік жолына адамдарды жетелей бермек.