Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ғылыми жобалар мен бағдарламаларды гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы жыл сайын өткізілетін болды. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтер мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің онлайн пленарлық отырысында айтты.
Бұрын мұндай байқау үш-төрт жылда бір өтетін. Ғалымның жобасы өтпей қалса, ол сонша уақыт күтпей оны жалғастырмайтын, не басқа салаға кетіп қалатын. Сондай-ақ, ғылымды қолдау үшін енді дәстүрлі гранттардан басқа шағын гранттар, жедел гранттар, коллабарацияға арналған гранттар енгізіледі. Министр қаржы бөлудің ашықтығын арттыру үшін нормативтік салада көптеген жұмыстар атқарылғанын айтты.
Жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын, олардың іске асырылуына мониторинг жүргізетін ұлттық ғылыми кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Енді үміткерлерді іріктеудің басты талабы - олардың ғылыми жарияланымдарының сапасы болады, - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.