Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Әйелдер табиғатынан нәзік болғанымен, мойнына артылған ауыр жүкті көтеріп, мінделген жұмысын бар ықыласымен атқаратын қуатқа ие.
Олар отбасының берекесін келтіріп қана қоймай, ер азаматтармен иық тіресіп, әр салада халыққа қызмет қылып жүр. Тіпті әйел әкім де бола алады. Сондай нәзік жандардың қатарында – Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылдық округінің әкімі Ұлбала Абдраманова және Қармақшы ауданы Ақай ауылының әкімі Гүлсара Омарова да бар.
Әуелі Ұлбала Тұрғанбекқызына тоқталайық, өл өзінің атына сай ер мінезді, қайратты, тәуекелі мықты. Сол қасиеттерінің арқасында Сырдария ауданындағы Тереңөзек кентінен кейінгі 5 мың халық қоныстанған ең үлкен елді мекен Шағанға әкім, халыққа жақын болып отыр.
Шаған – берекесі тасыған мекен. Осы ауылға 2018 жылдан бері әкім болып еңбек етіп келемін. Сырдария ауданында 13 ауылдық округ бар десек, соның 12-сінде ер адамдар әкім. Әйел әкім жалғыз мен екенмін. Жалпы өзім Шиелі ауданында туғанмын. Өмірлік серігімді осы өңірден тапқан соң еңбек жолымды Шаған ауылында орналасқан мектепте кітапханашы болып бастадым. Әр жылдары мұғалім, колледж директорының орынбасары, балабақша меңгерушісі қызметін атқарып жүрдім, – дейді іскер әйел.Ұлбала Тұрғанбекқызы Шағанға әкім болғанға шейін ауыл әйелдері кеңесінің төрайымы болған. Мұнымен қоса ауылдық қоғамдық кеңестің мүшесі болып, түйткілді мәселелердің оң шешілуіне белсене араласты. Түрлі жағдайға қанықты, алуан-алуан дау-дамайдың шешілуіне себепкер болды. Сондықтан, ауылының тыныс-тіршілігін бес саусақтай білетін Ұлбала Тұрғанбайқызына әкім болу аса қиындық келтірмеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, шаңырағы ортасына түскелі тұрған көптеген отбасының қайта гүлденуіне ықпал етті.
"Себебі, бұл кісінің бойында адамгершілік пен әділдік ұғымының бәсі биік. Ата мен ене институтынан өткен іскер әйел" дейді ауылдастары.
Мемлекеттік қызмет әйел адам үшін ауыртпалығы мол сала деуге болады. Десек те оларға жүктелген жұмыс тиянақты әрі жүйелі орындалатынын көптеген адам айтып жүреді. Бізге артылған осынау үміт пен сенімді жоққа шығаруға хақымыз жоқ. Сондықтан да ауыл мен елдің жайын бақылауда ұстап, тұрғындармен жиі кездесемін. Бірі баспанамен, бірі жұмыспен қамтуды сұрап жатады. Жастар жылы аясында ауылдың азаматтары кәсіп ашып, жастарды жұмыспен қамтуға үлес қосты. Өткен жылы облыс әкімінің біздің ауданға сапарында "Балбөбек" бөбекжайына атбасын бұрған еді. Жаңадан ашылған бұл мекемеде 30-ға жуық қызметкер бар, 65 бала тәрбиеленуде. Сонда облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы бала тәрбиесі ұлт болашағы екенін атап өтті. 900 орындық типтік жобада салынған жаңа мектеп пен спорт кешенінде болашақ түрлі чемпиондар өсіп жатыр. Ауылымыздың атын республика мен халықаралық ареналарда шығарып жүрген болашағынан үлкен үміт күттіретін – М.Керейітбаев. Жас боксшымыз халықаралық турнирлерде ел абыройын асырып жүр. Білім саласы мен өнер мектебінде талантты жастар бар. Мен өйттім, бүйттім деуден аулақпын, ауыл азаматтарымен бірлесіп, кеңесіп, қызмет етіп жатырмыз. Бұның бәрі мемлекет басшысының сарабдал саясатының жемісі деп білуге болады, себебі үкімет халыққа барлық жағдайды жасап жатыр. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы, оларға арнайы берілетін әлеуметтік пакеттер бар. Тұрғын үй мен олардың жалақысын да көбейтуде. Тек еңбек етіп, маңдай тер төгуіміз қажет. Сонда ғана біз дамыған отыз елдің қатарында боламыз, – деп ағынан жарылды.Ұлбала Абдраманованың ендігі жоспары – ауыл орталығындағы А.Атақаев көшесін толық жарықтандыру, жол салу. Бұл істің бүгінде жобалық сметалық құжаты дайындалу үстінде екенін айтып өтті.
Әкім әйел бүгінде отбасы мен қызметті қатар алып жүрген көп балалы ардақты ана, аяулы әже деуге болады. 2004 жылы кенеттен жұбайы Ахат өмірден озса да тағдырдың сынағына мойымады. Төрт баласын адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. 3 қызын қияға қондырды. Ұлы Айдос та шаңырақ көтерген.
Балаларымның барлығына тәрбие беруде өз ақыл кеңесін аямаған менің ата- анам, яғни ата-енем. Сол кісілердің қасиетті сөздерімен сусындап, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуді үйрендік. Өз үйімнің келіні ғана емес, қызындай болдым десем артық айтпағаным. Қазақта жақсы бір сөз бар. "Төрде отырған ақыл айтар, есікте отырған нақыл айтар, босағада отырған басын шайқар, ақылды кісі ойлап-байқар". Ақылын айтты, оны нақыл сөзбен түсіндіріп, өмірден мысалдарын келтірді. Ал оны ой-санаға түю әрине, өзімізге байланысты, – деді Ұлбала Абдраманова.
Келесі кейіпкеріміз – Ақай ауылының әкімі Гүлсара Омарова да қайратты, белсенді, іскер әрі Сырдария ауданындағы әріптесі Ұлбала Тұрғанбайқызы секілді Қармақшыдағы 2 кент, 12 ауылдық округ ішіндегі жалғыз әйел әкім. Гүлсара Панақызы – Төретам кентінің тумасы. Осындағы орта мектепті ойдағыдай бітірген ару Тараз қаласындағы жоғары оқу орнының біріне оқуға түсті. Қатар-құрбы сияқты қалада қалуға тырыспай, оқуын тәмамдаған соң туған ауылына келіп, қызмет етуге бел буды.
Бастапқыда жұмыс табу оңай болған жоқ. Бірақ оған жасымадым. Сөйтіп, еңбек жолымды қоғамдық жұмыстан бастадым. Жас маман ретінде қоғамдық жұмыс есебінен Төретам кенті әкімі аппаратында есепшінің уақытша көмекшісі болу бұйырды. Уақытша болса да – жұмыс. 2006 жылдың тамызында уақытша жетекші маман, қарашадан бастап жетекші маман, ал 2012 жылы ауысу тәртібіменГ.Омарова жастайынан қиын-қыстау күндер айналып өтпеді. Арқа сүйер әкесі өмірден өтті. Бауырын жер қойнына тапсырды. Ендігі үйдің де, сырттың да бар шаруасы анасына қалды. Сөйтіп, анасы Гүлсараға, ол анасына демеу болды. Оқу оқыды, еңбек етті. Бүгінде бір ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр.
бас маман болып тағайындалдым. Бар ынтамызбен жұмыс істейміз. Бір күні Төретам кенті әкімінің орынбасары лауазымын атқаруды да маңдайымызға жазылды. Мұнан соң 2017 жылдан қазірге дейін Ақай ауылдық округінің әкімі қызметіндемін. Осылай шама-шарқымыз жеткенше жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Гүлсара Панақызы.
Халқымызда "Әкім бол – халқыңа жақын бол" бол деген даналық бар. Ауылға басшылық ету – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Берілген тапсырмалар өз уақытында, мерзімінде орындалуы тиіс. Табиғатымыз әйел. Отбасының тіршілігі, баланың сабағы, қонақ күту сияқты жетіп артылатын жұмыстарымызды қоса алып келеміз. Алла қуат берсін. Жұмысымды қиын деп айта алмаймын. Себебі өзімнің қалаған, таңдаған жолым. Елмен етене болу жастайымнан қалыптасқан әдет. Қазір көктемгі көркейту-көгалдандыру науқаны таяды. Соған сай жоспарымызды жасап, сақадай сай отырмыз. Еліміз тыныш, бейбітшілікте өмір сүруде. Одан артық не тілеуге болады, – дейді Ақай ауылының әкімі.
Айта кететін жәйт, Гүлсара Панақызы Ақайды басқарып тұрған екінші әйел-әкім. Оған дейін ауылды білікті басшы, кәсіби маман Райхан Байшораева басқарған екен. Енді міне, сондай аға буынның орнын бүгінде Гүлсара Омарова жоқтатпай отыр.
Райхан апайдың өмір, еңбек тәжірибесі мол. Ауылда біраз шаруа тындырды. Енді сол кісінің бастамаларын әрі қарай жалғастырып әкету – біздің парызымыз. Алдымызда жоспар да, мақсат та көп. Әсіресе елді мекенде тазалық жұмысын жүргізіп, жаңадан кәсіп көзін ашуға, сондай-ақ үнемделген қаржы көзінен бейнекамера орнатып, көше қиылыстарына тақтайша ілу – жоспарланған, – дейді әкім.Бір айтарлығы, қырықтың қырқасына шыққалы тұрған Гүлсараның ұйымдастырушылық қабілетіне мен кішіпейіл де адамгершілік қасиетіне алдымен ардагерлер қауымы зор сенім білдірген. Бүгінде өмірдің ыстық-суығынан өтіп, соқпақты жолын еңсерген қазыналы қарттардың білдірген сеніміне селкеу түсірмеу – Гүлсара Панақызының басты ұстанымына айналған.
Ақай ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы Жақсылық Қыпшақбаевтың айтуынша, ақайлықтар о баста аз-маз алаңдағанымен кейін әйелдер де әкім бола алатынына көзі жетіпті.
"Сендердің ауылдарыңа үнемі қыздар әкім болады" дегенді айтып қалатындар аз емес. Бірақ біз сол қыздарымызға дән ризамыз. Өз ісін біледі, жауапкершілігін түсінеді. Мәселе оның ер немесе әйел екенінде емес. Көпшіліктің ойынан шығып ауылға пайдасын тигізсе, халыққа жақын болып жүктелген міндетін адалынан атқарса – азаматтық деп білеміз, – дейді ақсақал.