ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау мәселесі кейінге қалдыруға болмайтын мемлекеттік маңызы бар міндетке айналды. Кесенедегі реставрациялық жұмыстарға биыл республикалық бюджеттен 88 млн теңге бөлінген. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, 600 жылдан астам тарихы бар сәулет ескерткішінде жыл сайын мониторинг жүргізіледі. Қазір кесененің Қазандық күмбезі мен күмбезаралық кеңістігінде реставрациялық жұмыстар белсенді жүріп жатыр.
Күмбезді қорғау үшін шұғыл шаралар қажет
Мәдениет комитетінің жауабында кесене күмбезін табиғи-климаттық факторлардың әсерінен қорғау үшін уақытша қорғаныс шараларын шұғыл жүргізу қажеттігі айтылған.
Атап айтқанда, инвентарлық емес ағаш тіреуіштер орнатып, полимерлі металл жабынды қолдану арқылы уақытша қорғаныс жабынын жасау көзделіп отыр.
Бұзылудың алдын алу және күмбезді табиғи-климаттық факторлардың тікелей әсерінен қорғау мақсатында уақытша қорғаныс шараларының кешенін шұғыл түрде орындау қажет, – делінген ресми жауапта.
Мұндай құрылыс күмбездің зақымдалған бөліктеріне жауын-шашын мен күн радиациясының әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кейінгі зерттеу және реставрация жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге жағдай жасап, тарихи әшекей элементтерінің одан әрі бүлінуіне жол бермеуі тиіс.
Реставрацияға қанша қаржы бөлінді?
2026 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарға республикалық бюджеттен 88 млн теңге бөлінген. Жұмыстарды «Қазқайтажаңарту» ШЖҚ РМК жүргізіп жатыр.
Ал 2027 жылы реставрацияны жалғастыруға республикалық бюджеттен тағы 60 млн теңге бөлу жоспарланған.
Комитет мәліметінше, реставрациялық жұмыстарға шетелдік сарапшылар тартылмаған. Барлық жұмысты қазақстандық реставраторлар атқарып жатыр.
Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесін 2026-2028 жылдарға арналған басқару жоспары әзірленген.
Кесенеге күніне 2 мыңға жуық адам кіреді
Туристік маусым наурыз айында басталып, қазан айының ортасына дейін жалғасады. Наурыз мерекесі кезінде кесенеге 9-10 мыңға жуық адам келеді. Ал орташа есеппен бір күнде тарихи нысанды 2 мыңға жуық адам аралайды.
Министрлік туристер ағыны кесененің техникалық жағдайына зиян келтірмейтінін атап өтті. Келушілердің бір мезетте бір жерге шамадан тыс шоғырлануына жол бермеу үшін туристік маусымда музейдің жұмыс кестесіне, ашылу және жабылу уақытына өзгерістер енгізіледі.
Ал туристік маусым аяқталып, күн суытқан кезде, яғни қараша мен ақпан аралығында келушілер саны тәулігіне шамамен 200-500 адамға дейін төмендейді.
Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихы 600 жылдан асады. Бірегей сәулет ескерткіші ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген. Мәдениет комитеті бүгінде тарихи нысанды сақтап қалуды ерекше мемлекеттік маңызы бар міндет деп бағалап отыр.