Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр сән-салтанат салығының қандай мүліктерге салынатынын түсіндірді.
Сән-салтанат нысандары – белгілі бір жоғары құнға, кейде тіпті, инвестициялық құнға ие нысандар. Олардың бағасына байланысты градация жүргізіледі. Мәселен, яхталар, спорттық көліктер, шетелдегі виллалар, жеке ұшақтарға ол енгізілген соң сән-салтанат салығы салынатын болады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Әлібек Қуантыров елімізде жаңа Салық және бюджет кодекстерінің әзірленетіні туралы айтқан болатын. Айтуынша, жаңа кодекстер мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасының ережелері мен басқа да өзекті мәселелерді қамтиды. Сондай-ақ тиімді және үнемді бюджет саясатын қамтамасыз етуге жаңа серпін береді. Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі салық саясатының тұжырымдамасын жасау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.