Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Сеймей ядролық полигонынан бастартып, әлемдегі төртінші ірі ядролық ошақты жабу, Орта Азияда ядросыз кеңістік құру және басқа да Қазақстанның бастамалары ХІ ғасырдағы маңызды шешімдердің бірі болды.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов халықаралық конференция кезінде айтты.
Жиын барысында ол, 20 ғасырдың ортасында әлемде 2 мыңға жуық ядролық сынақ болғанын және оның 500-ге жуығы біздің елде жасалғанын айтып өтті.
«Әскери және бейбіт маңыздағы атмосфералық және жер асты сынақтардың 500-ге жуығы бізде жасалды. Бұл дегеніңіз әлемде жасалған сынақтардың төрттен бірі біздің жерде өткізілгенін көрсетеді. Ядролық сынақтың зардаптарын әлі де тартып келеміз, қоршаған орта ластанып, адам денсаулығына кері әсерін берді, сонымен қатар осы аймақтардың экономикалық дамуы кешеуілдеді»,-деді ол.
Сонымен қатар ол, Сеймей ядролық полигонынан бастартып, әлемдегі төртінші ірі ядролық ошақты жабу, Орта Азияда ядросыз кеңістік құру және басқа да Қазақстанның басамалары ХІ ғасырдағы маңызды шешімдерінің бірі болғанын айтты.
«Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-да құрылған жаһандық ядроға қарсы қозғалыс халықаралық қауіпсіздікті сақтауда өз үлесін қосып келеді. Әр жыл сайын 29 тамыз БҰҰ-да ядролық сынаққа қарсы күн ретінде жылда аталып өтілуде, әлемнің әр түкпірінде атом қаруына қарсы симпозиумдар, конференциялар тағы көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. Біз БҰҰ-ға және халықаралық қауымдастықтарға осы бағытта қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғыс білдіреміз. Ядролық қарудың адамзатқа тигізетін зардабы өте жойқын екенін есте сақтауымыз керек, сондықтан бүгінгі конференцияға жас буын өкілдерін шақырып отырмыз. Олар алдағы уақытта халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша диалогты дамыта түседі деген ойдамыз»,-деді Е. Ысқақов.
Алматыда халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне орай дөңгелек үстел өтіп жатыр. Аталған шараны Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігі, БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық бюросымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесе ұйымдастырған.