Жексенбі күні АҚШ-тың Айдахо штатындағы Маунтин-Хоум әуе базасында өткен әуе шоуы кезінде екі ұшақ әуеде соқтығысты.
Оқиға Gunfighter Skies әуе шоуы кезінде болған. Бұл туралы Idaho Statesman басылымы база өкілі Антуан Хэнкске сілтеме жасап жазды.
Куәгерлер түсірген видеода соқтығысқаннан кейін екі ұшақтың әуеде айналып, кейін жерге құлап, соққыдан жарылғаны көрінеді. Апат орнының үстінде төрт парашют ашылып, аспанға қара түтін көтерілген.
Әуе шоуының жүргізушісі көрермендерге экипаж мүшелерінің аман-есен катапульталғанын және парашюттердің штаттық режимде ашылғанын хабарлады.
Associated Press мәліметінше, соқтығысқан ұшақтар АҚШ Әскери-теңіз күштеріне тиесілі болған. Тынық мұхиты флотының теңіз авиациясы қолбасшылығының ресми өкілі командер Амелия Умаям экипаждың барлық төрт мүшесі сәтті катапульталғанын, жерде зардап шеккендер жоқ екенін айтты. Ұшқыштардың жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Джефф Гуццетти әуеде соқтығыс кезінде барлық экипаж мүшесінің аман қалуы өте сирек жағдай екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұған ұшақтардың бір-бірінен ажырамай, бірден құламауы себеп болған.
Бұл техникалық ақаудан емес, пилоттардың қателігінен болғанға ұқсайды, – деді ол.
Әуе шоуының қалған бөлігі тоқтатылды. Оқиғаға қатысты тергеуді АҚШ Әскери-теңіз күштері жүргізіп жатыр.