Тайвань билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың аралдың тәуелсіздік жарияламауы жөніндегі ескертуінен кейін елдің егемен мемлекет екенін тағы да мәлімдеді.
ВВС-дің хабарлауынша, Трамптың мәлімдемесі Бейжіңде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен өткен кездесуден кейін жасалған. Ол АҚШ-тың Тайваньға қатысты ұстанымы өзгермегенін айтып, аралдың тәуелсіздігін ресми түрде жариялау қадамынан бас тарту қажеттігін ескерткен.
Тайвань президенті Лай Циндэ бұған дейін де аралдың тәуелсіздігін ресми жариялаудың қажеті жоқ екенін, себебі Тайвань өзін қазірдің өзінде егемен мемлекет ретінде қарайтынын айтқан. Президент әкімшілігі де бұл ұстанымды қайталап, Тайваньның «егемен, тәуелсіз демократиялық ел» екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Тайвань билігі қазіргі статус-квоны сақтауға ниетті екенін, Қытаймен бірігуге де, тәуелсіздікті ресми жариялауға да бармайтынын атап өтті.
Вашингтон ресми түрде Тайваньның тәуелсіздігін қолдамайды, бірақ аралға қорғаныс мақсатында қолдау көрсету міндеттемесін сақтап отыр. Пекин болса Тайваньды өз аумағының бөлігі деп санайды және қажет болса күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Қазіргі таңда Тайвань мәселесі АҚШ пен Қытай арасындағы ең күрделі геосаяси түйіндердің бірі болып қалып отыр.