WorldSkills Kazakhstan 2026: Астанада жастардың кәсіби шеберлігі сынға түседі

Астанада еліміздің 20 өңірінен жиналған 840-тан астам жас маман 44 құзыреттілік бойынша бақ сынайды.

25 Қараша 2026, 20:27
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов 25 Қараша 2026, 20:27
25 Қараша 2026, 20:27
38
Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Астанада 25-30 қараша аралығында кәсіби шеберліктің XI республикалық WorldSkills Kazakhstan 2026 чемпионаты өтеді. Биыл жарысқа еліміздің 20 өңірінен 840-тан астам қатысушы жиналып, 44 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Чемпионаттың басты ерекшелігі – бірқатар тапсырмада жасанды интеллект құралдары қолданылмақ. BAQ.KZ  тілшісі чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, ұйымдастырушылардан биылғы жаңашылдықтар мен жеңімпаздарға берілетін мүмкіндіктер туралы білді.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов
©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

25 қарашада Астанада WorldSkills Kazakhstan 2026 чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ал 26-28 қараша күндері EXPO көрме орталығында қатысушылар өздерінің кәсіби дағдылары мен шеберлігін көрсетеді. Биылғы чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 840-тан астам жас маман мен 1 000-ға жуық сарапшы қатысады.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Сайыс ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өндірістік және инженерлік технологиялар, көлік және логистика, әлеуметтік және жеке қызметтер, креативті индустриялар мен дизайн, құрылыс технологиялары сияқты алты негізгі бағытты қамтиды.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Ақзира Қасымованың айтуынша, чемпионаттың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып қана қоймай, халықаралық стандарттарды еліміздің білім беру жүйесіне енгізу.

Бұл чемпионаттың ең басты мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, сонымен қатар халықаралық стандарттарды біздің оқу бағдарламаларымызға енгізу. Сол талаптарға сәйкес мамандар даярлауға үлкен үлес қосады. Мұнда тек қатысушылар ғана емес, жұмыс берушілер де болады. Олармен бірлесіп, еңбек нарығындағы өзекті міндеттерді айқындаймыз, – деді ол.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Жасанды интеллект жұмысшы мамандықтарды қалай өзгертеді?

Биылғы чемпионаттың басты жаңашылдығының бірі – конкурстық тапсырмаларда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қолданылуы. Егер бұған дейін қатысушылардың кәсіби шеберлігі дәстүрлі әдістер арқылы бағаланса, енді олар заманауи құралдарды пайдаланып, күрделі міндеттерді орындау қабілетін де көрсетуі керек.

Ақзира Қасымованың сөзінше, биыл чемпионаттағы құзыреттіліктер саны өткен жылдармен салыстырғанда артқан. Бұған жұмыс берушілердің сұранысы мен қолдауы ықпал еткен.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Бұрын жыл сайын 30 құзыреттілік бойынша жарыс өткізілсе, биыл олардың саны 44-ке жетті. Жұмыс берушілердің қызығушылығы жоғары болғандықтан, демеушілік қолдау арқылы құзыреттіліктер санын арттыруға мүмкіндік алдық. Қазіргі заман бұрынғыдай емес, цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллект биылғы тапсырмаларда кеңінен қолданылады, – деді департамент директоры.

Мәселен, дәнекерлеу саласында да технологияның рөлі артып келеді. Қазіргі маман тек қол еңбегін меңгеріп қана қоймай, роботтандырылған құрылғылармен жұмыс істеуді, технологиялық процестерді бақылауды және деректерді талдауды білуі керек.

Бұрынғы дәнекерлеушілерді қазіргі мамандармен салыстыруға келмейді. Қазір олар роботтармен жұмыс істейді. Қатысушылар жасанды интеллектіні қолдана отырып, қажетті деректерді талдап, өздерінің кәсіби құзыреттілігін көрсетуге мүмкіндік алады, – деп түсіндірді Ақзира Қасымова.

Бұл өзгерістер тек өндіріс саласымен шектелмейді. Мысалы, ауыл шаруашылығында дрондар арқылы егістік алқаптарын бақылау, қажетті деректерді жинау және талдау маңызды бола бастаған. Аспаздық сияқты дәстүрлі мамандықтарда да қосымша цифрлық дағдыларға сұраныс артып келеді.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларына қосымша құзыреттіліктер мен микро біліктіліктер енгізіліп жатыр. Бұл студенттердің еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуіне мүмкіндік береді.

Жеңімпаздарға қандай мүмкіндік беріледі?

WorldSkills чемпионаты қатысушылар үшін тек кәсіби шеберлігін сынайтын алаң емес. Бұл – болашақ жұмыс берушілермен танысып, халықаралық жарыстарға жолдама алуға және білімін жалғастыруға мүмкіндік беретін маңызды кезең.

Ақзира Қасымова биыл қазақстандық қатысушылардың халықаралық аренада да жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Шанхайда өткен WorldSkills әлемдік чемпионатында Қазақстан атынан сынға түскен дрон операторы қола медаль иеленген.

Биылғы жыл біз үшін ерекше болды. Шанхайда өткен WorldSkills әлемдік чемпионатында ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы құзыреттілігі бойынша қатысқан баламыз қола медаль алды, – деді ол.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Сонымен қатар департамент директорының айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, халықаралық чемпионаттарда жүлделі орын алған қазақстандық қатысушыларға өз бейіні бойынша жоғары білім алуға мемлекеттік грант беріледі. Бұл мүмкіндік биыл қола медаль алған Руслан есімді қатысушыға да жол ашқан.

Ал республикалық чемпионат жеңімпаздары халықаралық жарыстарға қатысуға, өңірлік әкімдіктердің гранттарын иеленуге және жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алады.

Бұл чемпионат – жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін бірден-бір алаң. Жұмыс берушілер осында келіп, өздеріне ұнаған мамандарды іріктейді. Оларды дуальды оқытуға шақырып, кейін жұмысқа қабылдай алады. Бұл студенттерге де, оқытушыларға да, жұмыс берушілерге де үлкен мүмкіндік, – деді Ақзира Қасымова.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Оның сөзінше, биыл «ТОП-100» жобасы аясында үздік колледждердің студенттері іріктеліп, олардың 70-іне ірі компанияларда жұмысқа орналасуға жол ашылған.

Биылғы чемпионаттың тағы бір жаңалығы – медаль саны бойынша үздік нәтиже көрсеткен өңірді арнайы марапаттау. Осылайша, қатысушылар арасындағы жеке бәсекемен қатар, өңірлер арасындағы командалық нәтиже де назарға алынады.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Халықаралық қозғалысқа қазақстан қашан қосылды?

WorldSkills – кәсіби білім мен жұмысшы мамандықтардың дамуына ықпал ететін халықаралық қозғалыс. Қозғалысқа әлемнің 89 елі қатысады. Қазақстан оған 2014 жылы мүше болып, 2015 жылдан бастап отандық жастар халықаралық чемпионаттарда ел намысын қорғап келеді.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Республикалық чемпионаттың кеңеюі мен жаңа құзыреттіліктердің енгізілуі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделіп келе жатқанын көрсетеді.

Алдағы күндері қатысушылар 44 бағыт бойынша кәсіби шеберлігін дәлелдеп, үздіктер анықталады. Чемпионат қорытындысы жастардың кәсіби әлеуетін бағалап қана қоймай, жұмыс берушілер мен болашақ мамандар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік бермек

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх