BAQ.KZ-Әлемпресс. 1 ақпан күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ресми сайтында Қазақстандағы телемедицина туралы мақала жарияланды. Baq.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға «Қазақстандағы телемедицина: «ақылды» медициналық қызмет көрсету» деп аталатын мақаланың мазмұнын ұсынады.
Қазақстан – үш миллион шаршы километр жерді алып жатқан теңізге шыға алмайтын ең үлкен мемлекет. Республиканың географиялық өлшемінің үлкендігіне қарап мұндағы халықтың көпшілігі мемлекеттің негізгі медициналық орталықтарынан алыста орналасқан ауылды жерлерде тұратынын болжау қиын емес.
Осыған байланысты Қазақстан ауылды жерлерде тұратын халыққа медициналық қызмет көрсету үшін жаңа технологияларға инвестиция салып жатыр. 2004 жылы құрылған телемедицина жүйесі ауыл тұрғындарына арнайы медициналық көмек алуға, ал жалпы тәжірибе дәрігерлері мен мамандарға телеконсультация алуға мүмкіндік беріп келеді.
Біз тілдескен реаниматолог дәрігердің айтуынша, олар қазір Қазақстанның кез келген жеріндегі маманмен кез келген уақытта байланысып, көп адамның өмірін құтқарып қала алады.
Телемедицина жүйесі Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің 2017–2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының бір бөлшегі. Үкімет бүгінде жүйені дамытып, «ақылды медициналық қызметтер» қатарын арттырмақ. Оның ішінде емделуге немесе аурудың алдын алуға арналған қосымшалар да бар. Жалпы, Қазақстан цифрлық денсаулық саласын дамытпақ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы басқа да мемлекеттері секілді Қазақстан инфекциялық емес аурулардың өсу көрсеткішіне куә болып отыр. Бұл – Қазақстандағы қашықтықтан байланыс жүйесіндегі сеанстарының көпшілігі созылмалы ауруларға қатысты болғанын көрсетеді.
2016 жылы 15 облыстық аурухана, Шымкенттегі облыстық балалар ауруханасы мен 14 мемлекеттік емхана жалпы 28 мың телемедициналық қызмет пен видеоконсультация өткізген. Олардың 26 мыңнан астамын облыстық ауруханалар, 2 мыңға жуығын мемлекеттік емханалар жүргізген. Инфекциялық емес аурулар көрсеткішінің артып жатқанын ескерсек, телеконсультациялардың көбі кардиология, пульманология және неврология саласына қатысты жүргізілген.
Қазақстанның телемедицина жүйесі республика аумағындағы ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсету үшін құрылған. Бұл жүйе біртіндеп кеңейтіліп, бүгінгі таңда аудандық, облыстық, ұлттық деңгейдегі 209 медицина мекемесінде жұмыс істейді. Оған жедел медицининалық көмек көрсетуге бағытталған және медициналық көмекті әуе жолдары арқылы тасымалдайтын, табиғи апаттар кезіндегі көмек және мобильді дәріхана жүйесін қамтитын Республикалық санитарлық авиация қосылғалы телемедицина жүйесі ауыл тұрғындарына жетілдірілген медициналық қызмет көрсетіп жатыр.
Тілеуберді Қуандықов – Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының интенсивті терапия бөлімінің басшысы. Операция жасаудан басқа Орталық республика бойынша әріптестеріне телеконсультациялар өткізеді, сонымен қатар білім беру мақсатында студенттерге хирургиялық процедураларды таныстырады.
«1990 жылдары мен Қазақстанның оңтүстігіндегі Түркістанда аудандық емханада жұмыс істедім. Ол кездері маған менің басшыларымның немесе басқа да тәжірибелі мамандардың ақыл−кеңесі қажет болса, мен аурухананың көлігін облыстық емханаға жіберетінмін және олардың менің емделушімді өз назарына алатынына үмітпен қарайтынмын. Ал қазір біз қазақстанның кез келген түкпіріндегі кез келген маманмен кез келген уақытта байланысып, адам өмірін құтқара аламыз», дейді Тілеуберді Қуандықов.
Телемедицина көмегімен уақытылы диагностика жасап, емдеу Қазақстандағы медицина қызметкерлеріне емделушілерге тиісті медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл − медициналық көмек көрсету кезіндегі жол шығынын азайтып, түрлі деңгейдегі ауруларға шалдыққан емделушілерді аудандық немесе облыстық ауруханаларға тасымалдау ауыртпалығының алдын алады.
Суретте Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының пульмонологы, кардиохирургы және реаниматолог маманы Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласындағы мамандарға телеконсультация өткізіп отыр. Консультация инфекциялы пневманияға шалдыққан жүрек ауруы бар балаға қатысты өтіп жатыр. Орталық мамандары емдеу жоспарын тексеріп, түзетулер енгізіп, қабылдайтын дәрі тізімін жасады және келесі күнге тағы бір кездесу белгіледі. Бұл орталық телемедицинаны 2012 жылдан бері күнде қолданып келеді. Телемедицина бөлімінің техникалық маманы Ирина Вяткинаның айтуынша, алдымен олар айына 5 телеконсультация өткізсе, қазір бұл көрсеткіш жылдам артып келеді. «Мен қазір жұмысымызды телемедицинасыз елестете алмаймын. Бұл тиімді әрі дер кезінде көмек көрсетуге ыңғайлы болып шықты», дейді ол.
2016 жылы орталық мамандары 123 балаға қатысты телемедицина сеансын өткізді. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш бүкіл Қазақстан бойынша 320 балаға жетті. Орталық апта сайын практик дәрігерлерге, аудандық және ауылдық емхана мамандарына дистанционды дәріс ұйымдастырады.
Астанадағы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтының травматологтары Бағдат Балбосынов пен Гүлжанат Қорғанбекова Қазақстанның оңтүстігіндегі Жамбыл облысы мамандарына телеконсультация өткізді. Олар алдымен жазатайым оқиға кезінде көп жарақат алған емделушінің ренгтген суреттерін қарады. Телеконсультациядан кейін емделуші авициялық жедел жәрдем қызметі арқылы институтқа жеткізілді. Бұл институт қимыл-тірек аппараты ауруларына шалдыққан адамдарға арнайы медициналық көмек көрсетеді. 2018 жылы институт мамандары травматология және ортопедияға қатысты 68 телемедицина сеансын өткізді. Институт көбіне қиын жағдайларды қарастырады. Телемедицина сеансы туралы аудандық емханалардан өтініш түскен кезде мамандар 24 сағаттың ішінде дайындық жұмыстарын жүргізіп, дайындалады.
Damu Med – Қазақстандағы цифрлық денсаулық сақтау саласының қосымшасы. 2018 жылы қосымшаға 2 миллион адам тіркелген. Қосымша арқылы емделушілер дәрігерге жазылып, маманның жұмыс кестесін көре алады, емделу жоспарын жасап, зертханалық тест нәтижелерімен таныса алады. Сонымен қатар қосымша артериальды қысым немесе диабет секілді қауіп тобына жататын ауруы бар адамдарға өз денсаулығын бақылауға, қажетті шараларды дер кезінде орындауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қазақстанның 200 мың тұрғыны өзін өзі бақылау бағдарламасына жазылған.
Қазақстанның телемедицина жүйесі тек клиникалық қолдау көрсетумен шектелмейді. Медициналық университет, ғылыми зерттеу институты мен ұлттық орталық мамандары жүйені студенттерге дәріс өткізіп, семинарлар жүргізу үшін пайдаланады. Сонымен қатар аудандық және облыстық ауруханаларда арнайы маман дайындау үшін де аталған жүйе қолданылады.
Суретте Алматыдағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің жалпы медицина факлуьтетінің екінші курс студенттері вебинар Әлия Нұрмұханбетовамен вебинар өткізіп жатыр. Университет студенттердің дистанционды білім алуы үшін арнайы кеңістік бөлген. Университеттің профессорлары, резиденттері мен зертетушілері телемедицина жүйесін республиканың кез келген жеріндегі әріптестерімен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу үшін пайдаланады.
Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек