Волонтер күріш арналарындағы балықтарды қалай құтқаратынын айтты

5 Желтоқсан 2023, 19:16
471
Бөлісу:
Волонтер күріш арналарындағы балықтарды қалай құтқаратынын айтты
Фото: автордан

Эльдар Мнаж «Жануарларды қорғау мәселелеріне үлес қосқаны үшін» номинациясы бойынша «Жыл волонтері» сыйлығын иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еріктіден оның волонтерлық жұмысы туралы сұрадық.

Мен Астана медицина университетінің 3-курсында оқимын. Сондықтан волонтерлық ұйымым Қызылорда облысында 1 айдың көлемінде жұмыс істейді. Яғни тамыз айынан қыркүйектің 5-6-сына дейін. Сол 1 айдың көлемінде біз 80 мыңнан 100 мың балыққа дейін құтқарамыз, - деді Эльдар.

Оның айтуынша, сәуір айының 15-нен бастап барлық күріш арналарына су жіберіліп, суару маусымы басталады. Ал балықты құтқаратын еріктілер жұмысы тамыз айында қызады.

Тамыз айының 15-нен бастап барлық күріш арналарының суын тартады. Суды тартқаннан кейін шалшық суда кішкентай балықтар қалып қояды. Бір шалшық суда шамамен 4-5 мың майшабақ қалады. Сол майшабақтарды арнайы торлармен сүзіп алып, бөшкелерге салып, көл иелеріне немесе Сырдария өзеніне жібереміз, - дейді волонтер.

Эльдардың сөзінше, Қызылорда облысында 2 мыңнан аса волонтер, 50-ден астам волонтерлық ұйым бар. Волонтер сол ұйымдардың арасында өзі басқаратын ұйымның үздік деп танылғанына дән риза.

Өзгелердің жаңалығы