Волейболдағы жанжал: Жаттықтырушы жұмыстан шеттетіліп, ұйымдастырушыларға айыппұл салынды

27 Қазан 2026, 17:18
АВТОР
 видеодан алынған кадр 27 Қазан 2026, 17:18
27 Қазан 2026, 17:18
216
Фото: видеодан алынған кадр

Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы Павлодарда өткен жеке клубтар арасындағы Қазақстан чемпионаты кезінде жаттықтырушының ойыншыға күш қолдануына қатысты шешім қабылдады. Шымкент қаласының волейбол академиясының жаттықтырушысы Хамит Мырзабеков екі жылға жарыстардан шеттетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға 2026 жылғы 26 қазанда Павлодар қаласында өткен жеке клубтар арасындағы Қазақстан Республикасының біріншілігі кезінде болған. Шымкенттегі «Волейбол Кидс» жеке клубының бапкері Хамит Мырзабеков жарыс кезінде өзінің шәкіртін ұрып жіберді. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тарағаннан кейін Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы ресми мәлімдеме жасады.

Федерацияның мәліметінше, турнирді MYQTYLARORTASY жеке волейбол лигасы ұйымдастырған. Бұл ұйым Қазақстан ұлттық волейбол федерациясының құрылымына кірмейді, ал жарыс федерацияның ұйымдастырушылық құрылымынан тыс өткізілген.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, матч барысында Шымкент қаласының волейбол академиясының жаттықтырушысы Хамит Мырзабеков өз командасының ойыншысына физикалық күш қолданған.

Тәртіптік комитет қандай шешім қабылдады?

Оқиғаны қарау қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық волейбол федерациясының Тәртіптік комитеті бірнеше шешім қабылдады.

Біріншіден, жаттықтырушы Хамит Мырзабеков екі жыл мерзімге жарыстардан шеттетілді. Осы кезеңде оған жаттықтырушылық және педагогикалық қызметпен айналысуға, сондай-ақ федерация аясында өткізілетін жарыстарға кез келген мәртебеде қатысуға тыйым салынды.

Екіншіден, жарысты ұйымдастырған ұйымға жарыстың өткізілуі мен тәртібіне тиісті бақылау жасамағаны үшін сөгіс жарияланып, айыппұл салынды.

Үшіншіден, Шымкент қаласының волейбол академиясына сөгіс берілді.

Зардап шеккен спортшыға қолдау көрсетіледі

Федерацияның хабарлауынша, зардап шеккен спортшы мен оның отбасына қолдау көрсетіліп жатыр.

Сонымен қатар Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы жаттықтырушылар мен өңірлік федерациялар өкілдеріне арналған міндетті семинарлар өткізуді жоспарлап отыр. Онда спорттық этика, зорлық-зомбылықтың алдын алу және спортшылардың құқықтарын қорғау мәселелері қарастырылады.

Федерация спорттағы зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік қағидатын ұстанатынын және осындай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ ұйым волейбол саласында жұмыс істейтін барлық мекеме үшін, олардың ұйымдық-құқықтық мәртебесіне қарамастан, жас спортшылардың денсаулығын, қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғау басты басымдық болуы керек екенін атап өтті.

Наверх