Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Вице-президент, Халық кеңесі, Құрылтай: Қазақстанды не күтіп тұр?

Бөлісу:
 ©BAQ.KZ коллажы
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда басқару жүйесін түбегейлі өзгертетін жаңа саяси реформалар кезеңі басталды. Вице-президент институтын енгізу, Халық кеңесін құру және Парламентті Құрылтай ретінде жаңғырту – бұл жекелеген бастамалар емес, мемлекетті басқарудың тұтас философиясын қайта құруға бағытталған қадам. Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы BAQ.KZ тілшісіне осы өзгерістердің мәні, мақсаты және ел болашағына ықпалы туралы айтып берді.

Вице-президент, Халық кеңесі, Құрылтай: Қазақстанды не күтіп тұр?
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

– Жарқынбек Амантайұлы, Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы маңызды саяси өзгерістер туралы айтты. Бұл бастамалардың жалпы мәні неде?

– Қазақстан жаңа тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Бұл – кезекті әкімшілік өзгеріс емес, бұл – мемлекеттің басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртатын, болашаққа бағытталған саналы саяси таңдау. Бұл туралы Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты әрі ашық мәлімдеді.

Құрылтай барысында белгілі болғандай, Қазақстанның саяси архитектурасы жаңадан құрылмақ. Бұл – биліктің формасын ғана емес, оның мазмұнын, жауапкершілігін және халықпен байланысын қайта ойластыру деген сөз.

– Ұсынылып отырған өзгерістердің алғашқысы – вице-президент институтын енгізу. Бұл бастаманың маңызы неде?

– Вице-президент – бұл қосымша лауазым немесе формальды орын емес. Бұл – саяси сабақтастықтың, мемлекеттік тұрақтылықтың және жауапкершіліктің институционалдық кепілі.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, биліктің тұрақты жұмыс істеуі үшін бір адамға тәуелді модель әрдайым тәуекелге толы. АҚШ, Бразилия, Аргентина, Нигерия сынды елдерде вице-президент институты дәл осы мақсатта енгізілген: күтпеген жағдайда биліктің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз ету үшін.

Қазақстан жағдайында да мемлекеттің тағдыры бір ғана тұлғаға немесе тосын жағдайларға байланбауы тиіс. Сондықтан вице-президент Президенттің шешімімен, бірақ Парламенттің келісімімен тағайындалады. Бұл – атқарушы және өкілді билік арасындағы тепе-теңдіктің, өзара сенім мен жауапкершіліктің көрінісі.

Бұл қадам Қазақстанды тұлғалық басқарудан институционалдық басқаруға қарай бір саты ілгерілетеді.

– Екінші маңызды бастама – Халық кеңесін құру. Бұл қандай құрылым болады?

– Ассамблея мен Ұлттық құрылтай өздерінің тарихи миссиясын адал орындады. Олар күрделі кезеңдерде ел бірлігін сақтауға, қоғамды ұйыстыруға қызмет етті. Алайда уақыт өзгерді, қоғам күрделене түсті.

Енді Қазақстанға тек кеңес беретін емес, пікір қалыптастыратын, қоғамдық жауапкершілік алатын жаңа сападағы алаң қажет.

Халық кеңесі – дәл осындай платформа болмақ. Бұл – әртүрлі көзқарастардың қақтығыс алаңы емес, ортақ мүддені іздейтін ұлттық келісім кеңістігі.

Халықаралық тәжірибеде мұндай органдар бар. Мәселен, Франциядағы Экономикалық, әлеуметтік және экологиялық кеңес немесе Испаниядағы Азаматтық диалог кеңестері билік пен қоғам арасындағы көпір рөлін атқарады. Олар заң шығармайды, бірақ саяси шешімдердің мазмұнына тікелей ықпал етеді.

Қазақстандағы Халық кеңесі де формальды орган емес, қоғамдық пікірді жүйелеп, билікке нақты сигнал беретін тетікке айналуы тиіс.

– Ал Парламентті реформалауда қандай өзгерістер күтіліп отыр?

– Бірпалаталы Парламентке көшу – бюрократиялық кедергілерді азайтып, шешім қабылдау процесін жеделдетуге бағытталған қадам. Бұл модель көптеген елдерде тиімділігін дәлелдеген.

Мәселен, Швеция, Финляндия, Дания, Жаңа Зеландия сынды демократиялық мемлекеттерде бірпалаталы парламент жүйесі жұмыс істейді. Онда депутаттың жеке жауапкершілігі жоғары, ал заң шығару процесі ашық әрі жедел.

Ал Парламентке «Құрылтай» атауын беру – терең символдық әрі саяси мәнге ие. Бұл – қазақ халқының тарихи саяси дәстүрін қазіргі заманғы мемлекетпен ұштастыру әрекеті.

Құрылтай – тек заң қабылдайтын орган емес. Ол халықтың сөзі билікке жететін, ал билік халыққа есеп беретін орын болуы тиіс. Бұл атау мемлекеттің легитимділігі тек Конституциядан ғана емес, халықтық дәстүр мен тарихи жадыдан бастау алатынын көрсетеді.

– Жалпы, бұл өзгерістерді қалай бағалауға болады?

– Яғни ұсынылып отырған өзгерістер – жекелеген реформалар жиынтығы емес. Бұл – Қазақстанды басқарудың жаңа философиясы. Қазақстан өзгеріп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы