Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша республика аумағының басым бөлігінде жауын-шашын біркелкі түскен жоқ. Жауын-шашын нормадан жоғары және батыста, оңтүстік-батыста, солтүстікте, кей жерлерде орталықта және шығыстың таулы аудандарында өтті. Қалған аумақта жауын-шашын нормадан аз болды. Қар жамылғысының болмауы оңтүстікте, оңтүстік батыста, оңтүстік шығыс жазығында байқалды, - деді Сапаров.
Ол атап өткендей, қалыптасқан ауа райы жағдайларын ескере отырып, министрлік қар тоқтату бойынша агротехникалық жұмыстарды жүргізу қажеттілігін бірнеше рет атап өтті.
Қазіргі уақытта өңірлер осындай жұмыс істеп жатыр, шамамен 3,1 млн га алаңда қар тоқтату екі ізбен жүргізілді, бұл 2021 жылдың тиісті кезеңінің деңгейінен 2,5 есе артық. Көктемде барлық жерде ылғалды жабу жұмыстарын жүргізу қажет. Топырақта ылғалдың жеткілікті жинақталуы ғана жақсы өнім бере алады, - деді ол.
Сапаров атап өткендей, көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі бірнеше рет облыс әкімдіктерімен кеңестер өткізді.
Егіс алқаптарының болжамды құрылымы талқыланып, ішкі нарықты толық қанағаттандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар дақылдар өндірісін ұлғайту қажеттілігі көрсетілді, - деді ол.