Вице-министр литвалық өнеркәсіпшілерімен әріптестік байланыстың перспективасын талқылады

8 Желтоқсан 2022, 10:18
645
Бөлісу:
Вице-министр литвалық өнеркәсіпшілерімен әріптестік байланыстың перспективасын талқылады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан Литва Республикасының өнеркәсіпшілер конфедерациясының президенті және JSC Global BOD Group басқармасының төрағасы Видмантас Янулевичюспен кездесіп, екіжақты байланыстың келешегін пысықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәселен, тараптар жер қойнауын пайдалану, түсті металлургия және көлік саласындағы өзара іскерлік қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі.

Қазір Литва Республикасымен көлік, авиация, инфрақұрылымды дамыту саласы бойынша тығыз байланыс орнатылды. Қазақстан аса маңызды шикізат материалдарының құнын құру тізбегін дамыту мәселесінде ЕО үшін сенімді серіктес болуға ниетті. Бұл ретте біздің шешім «ресурстарды инвестициялар мен технологияларға айырбастау» негізінде құрылғанын айта кетейік, - деді И.Шархан.

Әсіресе еуропалықтармен маңызды материалдарды өндіру саласына инвестициялар тартуға ерекше назар аударылғанын айта кету керек. Мәселен, ЕО елдері үшін аса қажетті шикізаттың 30 түрінің 16-сы Қазақстанда өндіріліп, өңделіп келеді. Олар негізінен қазір АҚШ, ҚХР, Оңтүстік Корея, Еуропа елдері, РФ, Ұлыбритания және т. б. мемлекеттерге экспортталып жатыр.

Көлік саласындағы әріптестікке тоқталсақ, биыл 9 айда екі ел арасында автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі 11%-ға артып, 162,9 мың тоннаға жеткен.

Көлік секторындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында елдеріміз арасында теміржол, автомобиль, әуе көлігі және контейнерлік тасымалдау саласындағы мәселелердің кең ауқымын қамтитын көлік саласындағы әріптестікті нығайту жөніндегі қазақстандық-литвалық жұмыс тобы құрылды. Литва тарапынан жұмыс тобының келесі отырысына шақыру келген жағдайда өз тарапымыздан қатысуға дайынбыз, - деді вице-министр.

Кездесудің соңында тараптар іскерлік байланысқа ризашылықтарын білдіріп, екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы