Open Talks: Бес вице-министр елдің цифрлық өзгеруін талқылады

25 Қазан 2019, 16:02
2036
Бөлісу:
Open Talks: Бес вице-министр елдің цифрлық өзгеруін талқылады
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің бес вице-министрі не деді? Бүгін Astana Hub IT технопаркінде өткен Open Talks-та бірнеше министрдің орынбасарлары, яғни оң қолдары Қазақстанның цифрлық өзгеруін талқылады. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, білім және ғылым вице-министрі - Рүстем Биғари, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі - Нариман Мукушев, қаржы вице-министрі - Руслан Еңсебаев, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі - Аблайхан Оспанов Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Digital Bridge форумында Қазақстанның цифрлық трансформациясы жөнінде ой бөлісті.

5 CDO Open Talks сессиясы Astana Hub IT - стартаптар халықаралық технопаркінде өтті. CDO немесе Chief Digital Officer дегеніміз – цифрлық трансформацияға жауап беретін менеджер. Яғни, дискуссияға қатысқан 5 министрдің орынбасарлары – цифрлық салаға жауап беретін лауазымды тұлғалар. 

WhatsApp Image 2019-10-25 at 16.02.24.jpeg

Өз кезегінде сөз бастаған денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев дискуссиялық алаңның қатысушыларына "халық денсаулық министрлігі қайда қарап отыр?" деп бізді сынауға үнемі дайын тұрады деді. Бұны әзілдеп айтса да, бірқатар шындықтың шетін шығарды.

"Менің туған анам ауырып қалып, емханаға түскен болатын. Сол кезде дәрігерлерге бақандай 45 минут бойы анамның 1979 жылдан бастап немен ауырғанын баяндап беруге тура келді. Елестетіңіздерші, бақандай 45 минут! Анамды компьютерлік томографиядан өткізу қажет болды. Дәрігерлер болса, анамның оң иығында протез бар дейді. Енді, менен сұрайды ол протез қандай металдан жасалған деп. Мен оны қайдан білем, есімде жоқ оның қандай металл болғаны. Осындай келеңсіз жағдайлар жиі кездесіп жатады. Сол себепті де біз биыл "Денсаулық" деп аталатын электрондық төлқұжатты әзірледік. CDA халықаралық стандарттарына сүйеніп жасалынды. Өте қолайлы әрі оңтайлы. Пациенттің барлық медициналық деректері бір құжатқа енгізіледі", - деді вице-министр Олжас Әбішев.
Оның айтуынша, соңғы 6 жылда медициналық есеп беру деректерін сақтауға арналған ақпараттық жүйеде 16 терабайт мәлімет жиналған. Мұны қағаз түрінде айтсақ, бұл 18 млн халыққа бөлгенде адам басына A4 форматындағы 600 беттен тұратын парақ беттері екен. Сол себепті бүгінде мұны алмастыруға қауқарлы цифрлық жүйеге толығымен көшудің маңызы артып отыр. 
WhatsApp Image 2019-10-25 at 16.02.35.jpeg

Сессия кезінде вице-министрлер ІТ-қоғамдастықпен бірлесіп, цифрлық жобаларды іске асыруда мемлекеттік органдардың ІТ-нарығымен ынтымақтастығының табысты кейстерін, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының ағымдағы жобаларын іске асырудың қиындығы неде және ІТ-нарық мемлекетке қалай көмектесе алатынын талқылады.

"Білім берудің цифрлық трансформациясы - бұл үлкен және күрделі процесс. Білім берудің цифрлық трансформациясы дегеніміз не? Бұл жасанды интеллект және дербестендірілген және бейімделген білім. Өткен жылы біз цифрлық қоржынды бекіттік. Біз ата-аналарға таңдау бердік. Оқушылар, мысалы, өз қағаз оқулықтарын сыныпта және үйде қалдыра алады, егер оларда осындай тілек болса, электрондық оқулықтармен сабақтарын оқи береді. Бұл бастама оқулықтардың электрондық нұсқаларын қолдануға мүмкіндік береді. Айта кету керек, біздің еліміздің үш өңірінде жұмыс істеуіміз керек - бұл Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан облысы. Білім беру мекемелерінде, балабақшаларда есепке алуды автоматтандыру қажет. Стартаперлер өз мүмкіндіктерін осы жағдайларда танытулары әбден мүмкін. Бүгін ғана Қазақстанның 860 колледжін автоматтандыру жұмыстары басталады", - деп мәлімдеді білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари.  
WhatsApp Image 2019-10-25 at 16.02.55.jpeg

Аблайхан Оспановтың пікірінше, ашық талқылау мемлекеттің Қазақстанның ІТ-нарығымен тиімді жұмыс қалыптастыруға көмектеседі. "Біз цифрлық жобаларды оларды жүзеге асыруға көмектесетін адамдармен талқылау үшін бүгін осындай жиын ұйымдастырдық. Осындай кездесулерде IT-компаниялар мемлекеттік органдардың жоспарланған жобалары туралы біле алады, өздерінің ұсыныстарын, дайын IT-шешімдерін ұсына алады, техникалық құжаттарын жасауға қатысады. Мұның бәрі цифрлық экономикаға көшуге ықпал етеді", - деп бөлісті цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Аблайхан Оспанов бөлісті.  
WhatsApp Image 2019-10-25 at 16.03.09.jpeg

Естеріңізге сала кетейік, осы күндері елордада Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы өтуде. Digital Bridge - бұл жас IT-мамандар, интернет-компаниялар, технологиялық кәсіпкерлер, венчурлік инвесторлар, бизнес өкілдері, мемлекеттік лауазымды тұлғаларға арналған форум.

IT-технологиялар, инновация саласында дамыту бойынша тәжірибе және ұсыныстар алмасу, сондай-ақ Орталық Азия мен басқа әлем арасында Цифрлық көпір құру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Өзгелердің жаңалығы