Ертіс өңірінде өткен жылдың қараша айынан бері жаппай қосымша екпе салу науқаны жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Аймақта қызылша мен көкжөтел аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз.
Өткен жылдың соңынан бері көкжөтел жұқтыру деректері көбейе бастады. 41 факті тіркелді. Жыл басынан бері қызылша бойынша 1008 жағдай анықталды. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Дертке шалдыққандардың барлығы бұған дейін екпе алмағандар болып шықты. Өңірде ақпан айында көкжөтел, дифтерия, сіреспе, хиб инфекциясына және полиомиелитке қарсы иммундау науқаны басталды. Сондай-ақ, қосымша вакциналау шеңберінде қызылшаға қарсы бұрын екпе алмаған азаматтар вакциналаудан өтті. Олардың саны 38 мыңнан асты. Ал жоспарлы екпе алуға 43 мың павлодарлық жатады, - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев.
Көкжөтел мен қызылшаға қарсы вакцина алғысы келмейтіндер баршылық. Мәселен, вирустық инфекциялармен күрес шеңберінде вакциналаудан 600-ден астам адам бас тартты.
Ведомство жанында иммунологиялық комиссиялар бар. Олардың отырысына балаларына екпе салудан бас тартқан ата-аналар шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Кездесуден соң райынан қайтқандар болып жатады. Он адамның бірі екпе алуға келіссе, бұл - жақсы көрсеткіш, - дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев.
Өзге инцекциялық аурулар бойынша екпе салдыртудан бас тартқандар саны 923-ге жеткен. Олардың басым бөлігі негізгі себеп ретінде жеке көзқарастарын атайды. Қалғандары медициналық препаратқа сенбейді немесе діни көзқарастары бойынша осындай шешім қабылдаған.