Түркістандағы вирус жұқтырғандардың бірі Алматыдан келген

1 Сәуір 2020, 11:23
1251
Бөлісу:
Түркістандағы вирус жұқтырғандардың бірі Алматыдан келген

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысы бойынша коронавирус жұқтырған 5 дерек тіркелді. Оның үшеуі Нұр-Сұлтан қаласынан келген адаммен байланыста болған. Ал біреуі Алматы қаласынан келген.

Коронавирус жұқтырған азамат Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны екені расталды. Мәліметке сай, 27 наурыздан бері қызуы көтеріліп ауырған. Ауруханаға 30 наурыз күні қаралған.

Науқас 21 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодар-Қызылорда бағытындағы поезбен Қарағанды қаласына тоқтаған. Алты сағат вокзалда отырған ол ары қарай Петропавл-Қызылорда бағытындағы поезға 22 наурыз күні сағат 6.00-де отырып, 23 наурыз күні Шымкент қаласынан түскен. Ары қарай жеке көлікпен Жетісай қаласына жолға шыққан. Әзірге анықталғаны науқаспен 16 адам қарым-қатынаста болған. 5 адам Нұр-Сұлтан қаласында байланыста болса, 11 адам Жетісай қаласының тұрғындары.

Қазірге дейін Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 5 дерек тіркелді. Оның үшеуі алғашқы Нұр-Сұлтан қаласынан келген адамнан жұқтырған. Ал біреуі Алматы қаласынан келген. Қалған толық мәлімет онлайн брифингте айтылады, - деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов фейсбук парақшасында.

Айта кетейік, Түркістан қаласында жалпы саны үш автовокзал мен үш автобекет орны бар. Атап айтқанда, "Түркістан", "Алтын бұлақ", орталық "Түркістан" автовокзалдары мен "Мерей", "Алтын орда", "Яссы" автобекеттері жұмыстарын бүгіннен бастап толықтай тоқтатты. Аталған орындардан өзге өңірлер мен қалаларға қатынас жасалмайды. Жергілікті билік жасалып жатқан істер қауіпсіздікті күшейту мақсатында екендігін еске сала кетті. 
Өзгелердің жаңалығы