VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы. LIVE

29 Наурыз 2023, 09:55
8584
Бөлісу:
VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы.  LIVE
Фото: скрин

Астана, BAQ.KZ тілшілері – Мақпал ОРЫНБЕК, Олжас АДАЙ, Назым БӨЛЕСОВА. 

 

11:06 - Мемлекет басшысының Парламенттегі сөзі аяқталды

11:05 - Тоқаев: 

Еліміздің мақсаты – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. Баршамыз табанды, еңбекқор, білікті, ұқыпты, тәртіпті болуымыз керек.

11:04 - Президенттің айтуынша, енді Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке айналады.    

Министрлердің өз жұмысын жетік білуі ғана жеткіліксіз. Олар өз ұстанымын Парламент алдында қорғауға қабілетті болуға тиіс. Өз бастамаларын қоғамға анық түсіндіруі қажет, - деп атап өтті Тоқаев.

11:03 - Тоқаев:

Болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн. Ол үшін саяси партиялардың кадрлық резервін жасақтауды ұсынамын.

11:02 - Мемлекет басшысы Мәжілістің жұмысына тоқталды.                                                                                              

Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Сондықтан, осы залды Мәжіліске тұрақты түрде пайдалану үшін беру керек деп ойлаймын. Осылайша, жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналады.

11:01 -  Президент депутаттарға популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеуді тапсырды.

Ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ. Сондықтан, популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда мемлекет саясаты барынша үйлесімді болады, - деді Тоқаев.

11:00 - Президент "Қазақстан-2050" стратегиясын түбегейлі қайта қарау қажеттігін алға тартты. Айтуынша, бұлай ойлауына соңғы жылдары әлемде теңдессіз геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер әсер еткен. 

Осыған орай, біздің кейбір стратегиялық құжатымыз өзектілігін жоғалтты, - деді.

10:59 - Мемлекет басшысы азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске сенімі қалай артатынын айтты.         

Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет. Сайлау алдындағы бағдарламалар және уәделер ретімен орындалуы керек. Сонда азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі артады, - деді ол

10:58 - Қасым-Жомарт Тоқаев: 

Құқық қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет

10:57 - Тоқаев заңнаманың жекелеген нормалары Ата заңға қайшы екені анықталғанына тоқталып өтті.      

Заңдарымыз Конституцияға толық сай болуы керек. Парламент осы маңызды мәселеге байланысты табандылық танытып, басты рөл атқаруы қажет, - деді Президент.

10:56 - Президент ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталды.      

Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет, - деді.

10:55 - Тоқаевтың мәлімдеуінше, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі.                             

Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс, - деп атап өтті ол.

10:54 - Президент «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын мысалға келтірді.    

Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады, - деді Тоқаев.

10:53 - Мемлекет басшысы тағы бір маңызды мәселенің барын айтты.                                                                                 

Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек деп отыр. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін, - деді.

10:52 - Президент:  

Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет.Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді.

10:51 - Тоқаев медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлуді тапсырды. Олардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс дейді.

10:50 - Мемлекет басшысы мектепке қызметкерлерді жұмысқа алуда бір мәселені ескертті.                                         

Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет.

10:49 - Тоқаев адам капиталының сапасын барынша арттыру керек деп отыр.                                                                       

Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі, Қазақстанның басты байлығы – адам

10:48 - Президент: 

Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 млрд теңге бөлінеді.

10:47 - Тоқаев алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін екенін айтты.

Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал, - деді ол.

10:46 - Президент  халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе деп отырғанын айтты.                                             

Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан, біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек.

10:45 - Президенттің айтуынша, агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін толық орындап отырған жоқ. Бұл салада саясат бірізді емес.

Ашығын айтсақ, агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ. Осы саладағы саясат бірізді емес. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұмсалмайды. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп, - деді.

10:45 - Тоқаев елдегі медицина саласын жақсарту қажеттігіне тоқталды.                                                                     

Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы.  LIVE

10:44 - Президент:

Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр, - деді Президент.

10:43 - Мемлекет басшысы:

Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділірек болар еді. Бұл - әлемде бар озық тәжірибе.

10:42 - Президент бизнесті толықтай цифрландыру керек деп отыр. Айтуынша, бұл кәсіпкерлердің жұмысын біршама жеңілдетіп, бюджетке түсімді жүйелі негізде көбейтуге жол ашады

10:41 - Тоқаев Парламенттің алдағы жұмысы қалай болатыны туралы ойын айтты.                                                                     

Бірінші мәселе. Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін ең алдымен әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек

10:39 - Президент: 

Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды.

10:39 - Президент: 

Қолда бар шикізатты пайдалану тиімділігін арттыру маңызды. Күнделікті тұрмыста да, мемлекет деңгейінде де үнемдеп үйрену керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Оның өзектілігі қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында күшейе түсті.

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы.  LIVE

10:38 - Тоқаев былтыр болған газ тапшылығы мәселесі туралы айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Алайда, шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді енгізу мүмкіндігін қарастыру керек.

10:38 - Мемлекет басшысының айтуынша, "Атамекен" ұлттық палатасы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп, сыртқы нарықта ұлттық бизнестің мүддесін қорғауы керек.

10:38 - Президент Қазақстанға әртараптандырылған экономика қажет екенін айтты. Тоқаевтың айтуынша, пандемия және қазіргі геосаяси дағдарыс шикізат нарығының тұрақсыз екенін айқын көрсетті. Қазба байлыққа ғана арқа сүйеп, қамсыз отыратын заман келмеске кетті.

10:37 - Тоқаевтың мәлімдеуінше, Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді. Ол мұны шешу үшін әртарапты экономикалық құрылым қажет екенін айтты.

10:37 - Тоқаев Үкіметке депутаттармен бірлесіп орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.

10:36 - Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке өткен «Ақ жол» апртиясы мен Respublica-ның рөлін атады.

«Ақ жол» партиясы шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы монополиядан арылту туралы үнемі айтып жүр. Партияның Мәжілістегі депутаттары осы жұмысқа өз үлесін қосады деп сенемін. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің бастамасымен құрылған Respublica партиясы Парламентке өтті. Бұл ұйым бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға атсалысады деп ойлаймын.

10:36 - Президент ретінде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беретінін айтты.

10:35 - Мемлекет басшысы еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасады.   

Қазақстан - бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік.

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы.  LIVE

10:34 - Президенттің айтуынша, елді жайлаған індет кәсіпкерлерге де оңай тимеген.                                                       

Біздің басты міндетіміздің бірі - жекеменшікті қорғау және нарықтың бәсекелі болуын қамтамасыз ету. Сол үшін сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды жалғастыру қажет

10:33 - Тоқаев Үкіметтің алдында экономиканың негізгі секторларына шетелдікті қоса алғанда, инвестиция тарту міндеті тұрғанын еске салды

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы.  LIVE

10:32 - Тоқаев елдегі тағы бір маңызды мәселені атады. 

Ол - туризим саласы. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп, - деді Президент.

10:32 - Президент: 

Елдегі қолданыстағы экономиканың үлгісі бірінші кезекте шикізат секторына инвестиция тарту екендігін жақсы білесіздер. Сондықтан орта бизнес әлі де жүйесіз дамып жатыр.

10:31 - Тоқаев еңбекқор кәсіпкерлердің әр өңірде барын алға тартып, оларға өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беру керектігін айтты.

10:30 - Президенттің айтуынша, елімізге бәсекеге қабілетті бизнес қажет. Шағын және орта бизнес экономиканы алға жылжытатын күшіне айналуы тиіс деді.

10-30 - Мемлекет басшысы: Ұлттық қордан бөлінетін трансферт азаймай тұр.

10:29 - Мемлекет басшысы сондай-ақ шұғыл шешілуі тиіс мәселелерді жіпке тізгендей жіліктеп берді. Кейбір мәселелерді кейінге қалтырып, кейбіріне күш салу керек дейді. Алдағы 5 жылда еліміз үшін сапалы заңнаманы жасау қажеттігін де айтты.

10:28 - Тоқаев: 

Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның бәрін ретке келтіру қажет. Сол үшін жұрттың бәріне жаға бермейтін, бірақ қажетті шешімдер қабылдау қажет

10:27 - Президент Үкімет пен Парламентке:                                                       

Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет.

10:27 - Тоқаев бұл қаржы тек елімізді дамытуға жұмсалуы керегін айтты. Сондай-ақ ол бюджеттің жоспарлануы мен жұмсалуы көңіл көншітпейтінін атап өтті. Айтуынша, мемлекеттік қарызды өтеу шығыны артып барады.

10:26 - Президент заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты. Айтуынша, Үкімет пен Бас прокуратура жеке заң жобасын әзірледі. Парламент тиісті заңды жуық арада қабылдауы керек.

10:26 - Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан жөнінде:

Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бұған бір ел болып түгел атсалысуымыз керек.

10:26 - Тоқаев:

Құрметті депутаттар, алдарыңызда маңызды міндеттер тұр. Еліміз ұзақ бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге жақсы емес

10:25 - Тоқаев сонымен қатар реформаның маңыздылығына тоқталды.                                                            

Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар.  Осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы ең алдымен ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын, - деді.

10:24 - Тоқаев салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет екенін айтты.

Салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықты тиімді бөлуді, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейі мен экономиканың басым бағыттарын нақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіс, - деді ол.

10:24 - Президент: 

Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел.

10:23 -Президент:

Біріншіден, Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін, ең алдымен, әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек.

10:23 - Тоқаев еліміздегі барлық аудан әкімдері сайланған соң биліктің барлық институты жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істейді деді.

10:22 - Президент алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек екенін мәлім етті.

10:22 - Президент: 

Біз Отанымызды өзгерту жолында үлкен бетбұрыс жасап, жаңа заманға қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Реформалар жалғаса береді

10:21 - Қасым-Жомарт Тоқаев нақты индустрияландыруға, жергілікті өндірісті дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға баса назар аударуымыз қажет екенін атап өтті.

Бюджеттен қаржыландырылатын ауқымды жобаларды, ең алдымен отандық кәсіпкерлер жүзеге асыруға тиіс, - деді ол.

10:21 - Президент: 

Баршаңызды Қазақстанның мүддесі үшін жұмылып жұмыс істеуге шақырамын

10:20 - Тоқаев халықтың көзі қарақты, саяси сауатты екендігін алға тартып, халықтың және тарихтың алдындағы жауапкершілікті сезіну керектігін ескертті.

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы.  LIVE

10:19 - Президенттің айтуынша, сайлаушылар өзінің мұң-мұқтажын білетін және мүддесін қорғай алатын азаматтарға дауыс берген.        

Депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өткен жөн. Осы ғимараттағы депутаттар бес жыл бойы ел мүддесі үшін жұмыс істейді деп сенемін, - деді Президент.

10:18 - Тоқаев: 

Бұл сайлау үміткерлерге қойылатын талап өзгергенін көрсетті.  Қазір тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды. Мұны дұрыс түсініп, елмен етене араласа білген үміткерлер халық сайлаған өкіл атанды.

10:17 - Мемлекет басшысы елдегі кәсіпкерлердің жағдайы туралы айтты.

Елді жайлаған індет және оның салдары кәсіпкерлерге оңай тимегені анық. Былтырдан бері саяси жүйені жаңғыртуға баса мән бердік. Енді экономикадағы нақты мәселелермен айналысатын кез келді. Бұл жұмысты мықтап қолға алу керек, - деді ол.

10:17 - Президент: 

Сондай-ақ әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалды. Саяси науқан қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және әлеуметтік лифт жұмыс істейтінін айқын аңғыртты. Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз осы

10:17 - Президенттің айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс.

Бұл жөнінде көп айтылды. Бірақ аталған бағытта айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Демек, экономикалық саясатқа өзгеріс енгізу қажет, - деді Тоқаев.

10:16 - Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет екендігін айтты.

10:15 - Президент сонымен қатар сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп  өз тобын құрғанын мысалға келтірді.                               

Осы одақтың белді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр, - деді ол.

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы.  LIVE

10:14 - Президент ел жастары әрдайым өзінің назарында екендігі баршаға мәлім деп отыр.                                         

Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

10:13 - Тоқаев: 

Қажетті дауыс жинай алмаған үміткерлер үшін де бұл – үлкен тәжірибе және жаңа мүмкіндік. Баршаңызды Қазақстан мүддесі үшін жұмылып жұмыс істеуге шақырамын, - деді Президент.

10:13 -Тоқаев депутаттардың 5 жыл бойы саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейіне сенетінін айтты.

Себебі, олар ел мүддесі үшін қызмет ету қажет.

10:13 - Тоқаев: 

Елімізде жаңа демократия дәстүрі жетіліп, нығая түсті.  Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты

10:11 - Тоқаев биыл әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалғанын айтты.

Саяси науқан қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және «әлеуметтік лифт» жұмыс істейтінін айқын аңғартты. Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз – осы, - деді Президент.

10:11 - Тоқаев Мәжіліске бірмандатты округтен де депутаттардың сайланғанын еске салды.    

 Яғни түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ  алғаш рет ұзақ жылдан бері өзін-өзі ұсынған азаматтар депутат атанды, - деді Мемлекет басшысы.

10:10 - Президент: 

Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда екені баршаға мәлім. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын.

10:10 -  Президент - Енді саяси партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады.

10:09 - Мемлекет басшысы ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партияның Парламентке өтуіне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткізгендігімізді атап өтті. Бұған партияларды реттейтін заңнаманың өзгеруі де себеп болды дейді.

10:08 - Тоқаев: 

Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті.

10:07 - Президенттің мәлімдеуінше, үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті.

Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ.

10:07 - Президент сондай-ақ  айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз деп отыр. Бәсеке жоғары болғандықтан сайлау нәтижесін алдын ала болжау мүмкін болмағандығына тоқталды.

10:07  - Мемлекет басшысы:

Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын.

10:06 - Президент: 

Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті.

10:05 - Мемлекет басшысы реформалардың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделгенін және бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі екенін айтты.

Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті.

10:05 - Мемлекет басшысы елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып жатқанын алға тартты.  Сайлауға қатысқан барша азаматқа алғыс айтты

10:04 - Тоқаев: 

Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті. Кешегі сайлауда партиялармен қатар, көптеген азаматымыз бірмандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді

10:03 - Президент конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалғанын атап өтті.

Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ, Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды.

10:03 - Президент: 

Референдумды қосқанда бір жылдың ішінде 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды  қысқа мерзім ішінде жүріп өттік

10: 02  -  Қасым-Жомарт Тоқаев:

Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа Жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс істелді.

10:02 - Тоқаев баршаны  Парламенттің алғашқы сессиясының  ашылуымен құттықтап, жаңадан сайланған депутаттарға табыс тіледі

10:00 - Президент кезекті сессияны ашқан соң Әнұран айтылды

9:59 - Тоқаев:

Құрметті жиынға қатысушылар! Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабына сәйкес VIII шақырылымдағы Парламенттің І сессиясын ашық деп жариялаймын

9:58   - Сөз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевақа берілді

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы.  LIVE

9:57 - Жиынға Сенаттың 50 депутатының 48-і, Мәжілістің 98 депутатының 98-і қатысып отырғаны белгілі болды

9:57 – ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров  депутаттарға тіркеуден өтуді сұрады

9:45 – Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері отырыстан ақпарат тарату үшін Мәжіліс үйінің баспасөз орталығына жиналып жатыр.

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы.  LIVE

Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлейді деп жоспарланып отыр. Парламенттің қос палатасының отырысы республикалық және аймақтық телеарналардың тікелей эфирінен көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы басталды.

Өзгелердің жаңалығы