2026 жылғы 1-6 қыркүйек аралығында Ыстықкөл облысында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының іс-шараларына билет бағасы жарияланды.
Kabar агенттігінің хабарлауынша, ойындар аясындағы бірқатар мәдени және спорттық іс-шараға кіру тегін болады. Атап айтқанда, Қыршық шатқалындағы шараларға және Құрманжан Датқа атындағы көшпелі өркениет орталығына келушілерден ақы алынбайды.
Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух Ордо» мәдени орталығында, «Дордой Номад» амфитеатрында және Чолпон-Ата ипподромында өтетін мәдени іс-шараларға билет құны 500 сом болады.
Ал ойындардың жабылу салтанатына билеттер орын санатына қарай 500-ден 4000 сомға дейін белгіленген. Орталық жасыл сектор – 4000 сом, ақ сектор – 3000 сом, қызыл сектор – 2000 сом, сары сектор – 1000 сом, көк сектор – 500 сом.
Чолпон-Ата ипподромының жанындағы жаңа шағын аренада өтетін көкбөрі мен көкпардың финалдық бәсекелеріне билет 1000 сом тұрады.
Ақылы іс-шараларға билеттерді Қырғызстанның ұлттық электрондық билет жүйесі арқылы онлайн немесе ресми кассалардан сатып алуға болады.