Вьетнамның солтүстігінде орын алған круиздік кеме апаты салдарынан қаза тапқандар саны 34 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ VnExpress басылымына сілтеме жасап.
Туристік кеме Оңтүстік Қытай теңізіндегі әйгілі Халонг шығанағында суға батқан. Бортта барлығы 53 адам – 48 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылардың басым бөлігі ел астанасы Ханойдан келген туристер екені нақтыланды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, апаттан кейін шұғыл түрде құтқару операциясы басталды. Оқиға орнына шамамен 300 адам – шекара қызметі, Әскери-теңіз күштері, жағалау күзеті, полиция мен порт әкімшілігінің өкілдері жұмылдырылды. Құтқару жұмыстарына 27 кеме мен екі қайық тартылды. Нәтижесінде 11 адам аман-есен құтқарылып, 34 адамның денесі табылды.
Мамандар апатқа "Бета" дауылы себеп болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Оқиға орын алған аумақта қатты жел, нөсер жауын және найзағай тіркелген. Бұл жағдай кеме қозғалысын қиындатып, апатқа әкелген болуы ықтимал.
Халонг шығанағы – Вьетнамның ең танымал туристік бағыттарының бірі. Әлемдік мұралар қатарына кіретін бұл аймақ әдетте мыңдаған туристі қабылдайды. Алайда табиғаттың тосын мінезі мұндай қайғылы жағдайға себеп болатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жергілікті билік пен құтқару қызметтері іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қаза болғандардың туыстарына көңіл айтылып, апатқа байланысты тергеу басталды.