Венгрия премьер-министрі Питер Мадьяр елінің Украинаны Еуропалық Одаққа жедел қабылдауды қолдамайтынын мәлімдеді.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы ол Будапештте Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштамен кездесуден кейін айтты. Кездесуде тараптар ЕО-ның алдағы жеті жылдық бюджетінің жобасын және бірқатар өзекті мәселені талқылады.
«Венгрия кез келген кандидат ел үшін ЕО-ға кірудің жеделдетілген рәсімін қолдамайтынын тағы да растадым», – деді Мадьяр.
Венгрия үкіметінің басшысы ЕО басшылығынан елге бұрынғы үкімет тұсында салынған күніне 1 млн еуро көлеміндегі айыппұлды алып тастау мәселесін жедел шешуді де күтетінін жеткізді.
Оның айтуынша, Венгрия заңсыз көші-қонның алдын алу үшін шекаралық тосқауылдар мен тиісті құқықтық тетіктерді сақтай береді.
«Венгрия әлі де Еуропалық Одақтың сыртқы шекарасын қорғап отыр. Біз бұл күш-жігердің еуропалық деңгейде мойындалуын күтеміз», – деді премьер-министр.
2024 жылғы маусымда Еуропалық Одақ соты баспана беру және көші-қон саласындағы ЕО талаптарын орындамағаны үшін Венгрияға 200 млн еуро көлемінде біржолғы айыппұл салған. Сондай-ақ сот шешімін орындауды кешіктірген әр күн үшін 1 млн еуро төлеу міндеттелген.
Дереккөз мәліметінше, сәуірдегі сайлаудан кейін билікке келген жаңа Венгрия үкіметі де көші-қон мәселесінде бұрынғы биліктің ұстанымын жалғастырып отыр.