Ватиканда өткен Конклав барысында кардиналдар жаңа Рим Папасын сайлады. Бұл туралы Систин капелласының төбесінен көтерілген ақ түтіннен белгілі болды. Аталмыш дәстүр – сайлау сәтті өткенінің белгісі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сайлаудың төртінші кезеңінде 267-ші понтифик таңдалды. Дәстүр бойынша, Әулие Петр соборының балконына кардинал-протодиакон Доминик Мамберти шығып, латын тіліндегі дәстүрлі сөздерді: Habemus Papam («Бізде Папа бар») айтып, жаңа понтификтің есімін жариялайды. Осыдан кейін жаңадан сайланған Рим Папасы балконға шығып, Urbi et Orbi «Қала мен әлемге» арнап батасын береді.
Сонымен, жаңа Рим Папасы американдық кардинал Роберт Превост болды. Ол Лев XIV есімін алды.
Естеріңізге сала кетейік, дауыс берудің алғашқы кезеңі 7 мамырда өтті. Алайда сол күні қажетті үштен екі дауыс жинаған үміткер болмады. 8 мамыр күні жергілікті уақыт бойынша 11:50-де пештен шыққан қара түтін де екінші турдың нәтижесіз аяқталғанын білдірген еді.
Жаңа понтифик Рим Папасы Францисктің орнын басты. Франциск 2025 жылғы 21 сәуір күні таңертең 89 жасында ми инсультінен көз жұмды. Ол соңғы рет жұрт алдына 20 сәуірде Пасха мерекесінде шыққан болатын. Бұған дейін понтификтің ұзақ уақыт екі жақты пневмониямен күресіп жүргені хабарланған еді.