АҚШ Мемлекеттік департаменті Украинаға әскери техникаға арналған қосалқы бөлшектерді жеткізу жөніндегі ықтимал келісімді шамамен 185 млн доллар көлемінде мақұлдады. Бұл туралы Пентагонның Әскери ынтымақтастық басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәлімдемеде: «Мемлекеттік департамент Украина үкіметіне IX санатындағы қосалқы бөлшектер мен оған ілеспе жабдықтарды шамамен 185 миллион доллар көлемінде сату жөніндегі ықтимал мәмілені мақұлдау туралы шешім қабылдады», – деп нақтыланған.
Құжатта бұл келісім АҚШ-тың сыртқы саясаттағы және ұлттық мүдделерін жүзеге асыруға ықпал етіп, Еуропаның саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуы үшін маңызды рөл атқаратын серіктес елдің қауіпсіздігін нығайтатыны айтылған.
Мәмілені негіздеу ретінде Украинада америкалық техника мен қару-жарақты пайдалануда жоғары әзірлік деңгейін сақтау және қызмет көрсетуге арналған жергілікті мүмкіндіктерді жедел күшейту қажеттілігі бар екені көрсетілген.
Қосалқы бөлшектерді жеткізу жауынгерлік тиімділікті арттыруға, логистиканы жақсартуға және жөндеу үдерісінің тұрақты әрі жедел циклі есебінен қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жабдықты сату мен қолдау аймақтағы әскери тепе-теңдікті өзгертпейді. Сондай-ақ аталған мәмілені іске асыру АҚШ үкіметінің қосымша өкілдерін немесе мердігерлерін Украинаға жіберуді талап етпейді және АҚШ Қарулы күштерінің жауынгерлік дайындығына кері әсерін тигізбейді, – делінген мәлімдемеде.