АҚШ пен Франция қорғаныс ведомстволарының басшылары НАТО аясында еуропалық одақтастардың жауапкершілігін арттыру мәселесін қарастырды.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Пентагон басшысы Пит Хегсет пен Францияның қорғаныс министрі Катрин Вотрен кездесу барысында Еуропа елдерінің Солтүстік Атлантикалық альянс қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі жүктемені өз мойнына алуы қажеттігін атап өтті.
Пентагон өкілінің мәлімдемесіне сәйкес, тараптар НАТО елдерінің қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5%-ына дейін арттыру, әскери-өнеркәсіптік кешенді нығайту және жауынгерлік қабілеттілікті күшейту бағыттарын талқылаған.
Сонымен қатар кездесуде НАТО-ны «жауапкершілігі жоғары серіктестер альянсына» айналдыру қажеттігі туралы ортақ ұстаным айтылды.
Кездесу Францияның солтүстігінде, Нормандиядағы десант операциясының 82 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өтті.
Бұған дейін Der Spiegel басылымы АҚШ НАТО-дағы әскери қатысуын қысқартуы мүмкін екенін хабарлаған болатын.