Варшавада "Польша - Қазақстан" сауда-инвестициялық форумы өтті

15 Маусым 2023, 19:03
834
Бөлісу:
Варшавада "Польша - Қазақстан" сауда-инвестициялық форумы өтті
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Іс-шараны ҚР Польша республикасындағы елшілігі және ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті Польшаның Инвестициялар және сауда агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Форум жұмысы Қазақстан мен Польша арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға, екі елдің іскер серіктестері арасында қолданыстағы және жаңа тікелей байланыстарды нығайтуға, инвестициялық жобаларды, бизнес үшін қолдау мүмкіндіктері мен тетіктерін таныстыруға бағытталған.

"Сауда және өнеркәсіп секторындағы ынтымақтастық әлеуеті" панельдік сессиясы аясында Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев қазақстандық машина жасау саласының дамуы туралы баяндады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі 9%-ға ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 10%-ға өсіп, 258 млн АҚШ долларын құрады. Машина жасау өнімінің экспорты 2 есе артып, ақшалай мәнде 3,8 млрд АҚШ долларын құрады, - деп атап өтті Мейрам Пішембаев.

Сондай-ақ "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң қабылданды. Заң өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын жеңілдік арқылы шикізатпен, қолжетімді несиелендірумен, офтейк-келісімшарттармен, экспорттық қолдаумен, инвестициялар тартумен, өнеркәсіптік гранттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек қазақстандық машина жасауды одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы дамытудың 5 жылға арналған Кешенді жоспары әзірленуде.

Кешенді жоспар шеңберінде ҒЗТКЖ шығындарының 150% мөлшерінде салықтарды шегеруге жатқызу, импортқа ҚҚС, жер және мүлік салығын төлеуден босату мақсатында Инвестициялар шегін төмендету шаралары көзделген. Импортталатын өндіріс құралдарына есепке жатқызу әдісімен ҚҚС төлеу жөніндегі норманы ұзарту, - деп толықтырды Қазақстан машина жасаушылар одағының басшысы.

Сондай-ақ шара аясында қазақстандық делегация поляк компанияларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Польшаның өнеркәсіптік даму агенттігімен кездесу барысында металлургия, тау-кен және машина жасау өнеркәсібі, тоқыма мен құю өндірісіндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Польшаның өнеркәсіптік даму агенттігі 100% мемлекеттік басқарушы холдинг және өнеркәсіпті дамыту институты болып табылады. Компания елдің негізгі өнеркәсіптік кәсіпорындарының акцияларын басқарады (90-нан астам ірі поляк өнеркәсіптік компаниялары).

Қазақстаннан IT-компаниялар мен ұйымдар үшін сybersecurity, fintech, biotech, medtech, agrotech, software, deep tech, robotic, gaming, AI салаларында поляк серіктестерімен B2B кездесулер ұйымдастырылды, сондай-ақ инвесторлар алдында IT және High tech жобаларын таныстыру және воркшоптар мен ақпараттық сессияларға қатысу мүмкіндігі берілді.

Айта кетейік, Польша орталық және Шығыс Еуропа елдері арасында Қазақстанның жетекші сыртқы экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. 2022 жылы өзара сауда көлемі 1,36 млрд АҚШ долл, оның ішінде қазақстандық экспорт – 771 млн, Польшадан импорт - 587,5 млн АҚШ долларын құрады. Польшадан Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 75 млн АҚШ доллары. Бүгінде Қазақстанда 100-ден астам поляк компаниясы жұмыс істейді.

Жиын соңында Одақ басшысы бизнесмендерді Қазақстанның экспорттық нарықтарын бірлесіп игеруге және жемісті әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды.

Өзгелердің жаңалығы