Варикозды медициналық сақтандыру есебінен емдеуге болады

6 Қазан 2022, 10:23
2063
Бөлісу:
Варикозды медициналық сақтандыру есебінен емдеуге болады

Алматылықтар варикозды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен емдете алады. Бұл туралы №1 Қалалық клиникалық аурухананың Амбулаторлық флебология орталығы жетекшісі Марат Менаяқов хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда радиожиілікті абляция (облитерапия) - көктамыр ауруларын емдеудің ең тиімді әрі заманауи тәсілі. Маусым айынан бері орталықта варикозға шалдыққан пациенттерге 120-дан астам ота жасалған.

Орталыққа келіп ем алғандар арасында варикоз ауруы салдарынан аяғын баса алмай қалған 45 жастағы келіншек те бар.

Көктамырдың азабын тартқаныма 15 жылдан асып кетті. Салдарынан балтырым ісіп, кешке таман аяқғымды көтере алмай қалатынмын. Бұған дейін 2020 жылы аяғыма операция жасатқан едім, - дейді ол.

Бұл жолы орталық мамандары оған радиожиілікті абляция әдісін пайдалануды ұсынған. Алдымен оң аяқтың, содан соң сол аяқтың тамырларына операция жасалды.

Бұл процедура варикозға шалдыққан 100 пациенттің 97-сінде тамаша нәтиже берді. Отадан кейін аурудың қайталану, асқыну қаупі де төмен. Оның үстіне, лазерге қарағанда радиожиілікті токтың жылуы тамырларға жеңіл әсер етеді, күйдірмейді әрі пациенттің одан кейін өз-өзіне келу мерзімі де едәуір қысқарады, - дейді Марат Менаяқов.

Еске сала кетсек, қыркүйек айының 17-26-сы аралығында Амбулаторлық флебология орталығында ашық есік күндері өткен болатын. Онкүндік барысында орталыққа 100-ден астам адам атбасын тіреген. Олар мамандардан тегін кеңес алып, аяқ буындарына ультрадыбыстық допплерография жасатты. Онкүндік шеңберінде 24 ота жасалды. Ем-дом МӘМС шеңберінде жүргізілді.

Өзгелердің жаңалығы