Валюта тұрақтылығын қамтамасыз ететін қор қалыптастыру керек – Расул Рысмамбетов

12 Желтоқсан 2020, 09:25
998
Бөлісу:
Валюта тұрақтылығын қамтамасыз ететін қор қалыптастыру керек – Расул Рысмамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның алтын валюта қоры соңғы 5 жылда 215 тонна бағалы металмен толықты, деген дерек келтірді finprom.kz статистикалық сайты.

Әлемдегі тұрақсыз жағдайға қарамастан отандық алтын валюта резервінде өсім байқалған. Мәселен, қараша айында ол 33,6 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,8 пайызға артық.

Көрсеткіштердің өсімі Ұлттық банктің алтын сатып алу мен портфельді әртараптандыру саясатын басшылыққа алуымен байланыстырылады. Белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетов Ұлттық банктің бұл әрекеті дұрыс, алайда елде бұл процес өте баяу өтіп жатыр деген баға берді. Оның айтуынша, әлемдегі тұрақсыздықтың желі есіп тұрғанда алтын инвесторлар үшін «сая» рөлін атқарып тұр.

Алайда бағалы металға бәрінің қолы жете бермейтінін ескерсе, Қазақстанның алтын валюта қорын толықтыруы логикалық тұрғыдан алғанда құптарлық қадам. Дегенмен 5 жылда 215 тонна алтын сатып алуы «аһ» дейтін көрсеткіш емес. Біз одан көбірек алтын валюта қорын қалыптастыруға қауқарлы едік, - дейді ол.
Қаржыгердің пікірінше, Қазақстан пайдалы қазбаларға бай ел. Сондықтан алтын валюта қоры туралы сөз қозғағанда «мыңдаған» тонна деген сөзді пайдалануымызға негіз бар. Алайда «жүздеген» деп қуанатын жағдайдамыз. Қазір жалпы экономика туралы көбірек ойлауымыз қажет. Алтын жинау мақсатымыз болмауы тиіс.
Экономикалық қызметтің бірінші мақсаты валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ететін қорды қалыптасыру болса, екіншісі қаржыны тиімді жұмсау. Мысалға алатын болсақ, теңгеміз «супер тұрақты» болып, алтынымыз асып-төгіліп жатса, бірақ қажетсіз ғимараттар мен нысандар сала берсек, қордың түбі көрінеді. Сондықтан қордағы қаржыны тиімді жұмсай алу маңызды, - дейді қаржыгер.

Мыңдаған тонна болмаса да Қазақстан 2014 жылмен салыстырғанда осы жүздеген тоннамен әлемдік рейтингте жоғарылаған. Статисикалық мәліметтерге сүйенсек, сол жылы еліміз 24-ші орында болды. Қараша айындағы жағдай бойынша 383,3 тонна деген көрсеткішпен 13-орынға тұрақтады.

Жалпы алтын валюта қоры әлемде болашаға бар инвестиция ретінде бағаланады. Оған 2001-2019 жылдар аралығында оған деген сұраныстың артқанынан да байқауға болады. Көрсеткіш жыл сайын 14 пайызға артып отыр, сондай-ақ оған деген баға төрт есе жоғарылаған.

Әлемнің көптеген елдерінде алтын валюта қоры резервтің негізгі бөлігін құрайды. Мысалы АҚШ-та бұл көрсеткіш жалпы қордың 79 пайызына, Германияда 76,6 пайызға тең. Италияда 71, Францияда 66,7 пайызды құрайды. Аталмыш елдер алтын валюта қоры бойынша көш бастап тұр.

Мамандар пікірінше, алтын портфельдің жағдайын төрт жолмен жақсарта алады - ұзақ мерзімді табысты қамтамасыз ету, нарықтық стресс кезінде шығындарды төмендетіп диверсификатор рөлін атқару, несиелік тәуекелсіздік тиімділікті қамтамасыз ету және портфельдің жалпы тиімділігін жақсарту.

 


Өзгелердің жаңалығы