Валюта нарығында не өзгерді? Теңге нығайып, Ұлттық қордан $400 млн сатылды

Наурыз қорытындысы бойынша теңге 3,9%-ға нығайып, доллар 478 теңгеге дейін түсті. Ұлттық қордан $400 млн сатылды. Валюта нарығындағы өзгерістер мен сәуірге болжам.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 19:22
Бүгiн 2026, 19:22
89
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

2026 жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 3,9%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары 478,15 теңге деңгейінде қалыптасты. Осы кезеңде валюта нарығындағы сауда көлемі де айтарлықтай өсті.

Теңге неге нығайды?

Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 335 млн доллардан 372 млн долларға дейін артқан. Ал жалпы сауда көлемі 6,7 млрд долларды құрады.

Сарапшылар мұны нарықтағы белсенділіктің артуымен және ірі валюта операцияларымен байланыстырады.

Ұлттық қордан қанша қаражат сатылды?

Наурыз айында Ұлттық қордан 400 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылып, бұл республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Аталған сома жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 6%-ын немесе күніне 22 млн долларды құрады.

Сәуірге қандай жоспар бар?

Ұлттық банктің алдын ала болжамына сәйкес, сәуір айында Ұлттық қордан 300 млн доллардан 400 млн долларға дейін валюта сату жоспарланып отыр.

Бұл шешім Үкіметтің бюджетке қажетті трансферттері мен күтілетін фискалдық түсімдерге байланысты қабылданбақ.

Наурыз айында «айналау» операциялары аясында шамамен 350 млрд теңге алынған.

Ал 2026 жылдың II тоқсанында осы тетік арқылы шамамен 1,1 трлн теңгеге баламалы шетел валютасын сату жоспарланған.

Ұлттық банк бұл операцияларды жүргізу кезінде нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанатынын атап өтті. Яғни, валюта біркелкі әрі тұрақты түрде сатылатын болады.

Ұлттық банк наурыз айында валюталық интервенция жасамаған.

Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті түрде сату аясында шамамен 391 млн доллар көлемінде валюта өткізген.

Зейнетақы активтері және валюта

Бұған дейінгі жоспарға сәйкес, наурыз айында зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ доллары сатып алынбаған.

Алдағы шешімдер нарықтағы жағдай мен БЖЗҚ активтерінің теңгерімді құрылымын сақтау қажеттілігіне қарай қабылданады.

Алда теңге бағамы қалай өзгереді?

Ұлттық банктің бағалауынша, қысқа мерзімде теңгенің динамикасы нарық қатысушыларының күтулеріне, салық төлемдеріне, сондай-ақ әлемдік және геосаяси жағдайға байланысты қалыптасады.

Реттеуші икемді бағам саясатын ұстануды жалғастырып, алтын-валюта резервтерінің сақталуына басымдық бермек.

Еске сала кетейік, Қазақстанның Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамының өзгерісі экономикаға қалай әсер ететіні жөнінде пікір білдіріп, доллардың арзандауы теңгеге қалай әсер ететінін түсіндірді.

Наверх