Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сұраққа Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Киясов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді.
Оның айтуынша, вакцинаның бірінші компонентін алған соң, арқаны кеңге салып «менде антидене бар» деп жүру ерте.
Біріншіден, вакцинаның бірінші компоненті егілген соң антидене 12-14 күнде, тіпті одан да ұзақ аралықта қалыптасады. Оның өзі вакцинаның екінші дозасын алмайынша, вирустан қорғауға жеткіліксіз мөлшерде болады. Бұған дейін де айтқанымыздай, вакцинаның бірінші дозасы егілген соң екінші дозаны алғанға дейін барлық санитарлық талапты сақтау қажет. Оның ішінде қолды жиі жуу, медициналық бетперде кию, арақашықтықты сақтау сияқты қарапайым гигиеналық шаралары бар, - деді Ерлан Киясов.
Оның айтуынша, вакцина алған пациент қоғамдық орындарда вирус жұқтырып алудан сақтануы керек және өз денсаулығына өте мұқият қарауы тиіс. Мұның бәрі вакцина алған пациентке екпе салу кезінде айтылады.
Сонымен қатар ол вакцинадан кейінгі әсерлер барлық адамда бірдей болмайтынын атап өтті.
Кейбірінде дене қызуы көтеріліп, кейбірінің денесі ауырады. Ал кейбір азаматта мұндай симптомдар болмауы да мүмкін. Алайда ол вакцина әсер етті, етпеді деген көрсеткіш емес, - деді ол.
Бұған дейін ол «қызыл» аймақта 10 өңір бар екенін айтты.