Вакцинаға қатысты халық арасында түрлі сұрақтың туындауы орынды – профессор

14 Сәуір 2021, 12:26
1459
Бөлісу:
Вакцинаға қатысты халық арасында түрлі сұрақтың туындауы орынды – профессор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның клиникалық және іргелі медицина академигі, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Сәкен Әміреев онлайн брифинг барысында вакцинациялау ісіне қатысты ойын айтты.

Оның айтуынша, кез келген вакцина шығару ісінде алдымен оның қауіпсіздігі мен қорғаныш қасиетіне көңіл бөлінеді екен.

Қазір бірнеше мемлекетте коронавирусқа қарсы вакцина шығарылып жатыр. Соның ішінде Ресей төрт түрлі вакцина, ал Қазақстан бір вакцинаны өндіруді қолға алды. Бұл вакциналардың тиімділігі қандай дегенге келсек, жалпы кез келген вакцинаға қауіпсіздігі мен қорғаныш қасиеті жайлы шарт қойылады. Қауіпсіздік мәселесі өте маңызды. Кейде өте сирек болса да, оның асқынуларын байқауға болады. Ал қорғаныштық қасиеті де өте үлкен маңызға ие, - дейді ол.

Сонымен қатар ол халыққа қазіргі вакциналау ісін жан-жақты түсіндіру қажеттігін айтты.

Коронавирусқа қарсы вакцина жақында шыққандықтан халық арасында оған қатысты сұрақтың туындауы заңды. Оны біз дұрыс түсіндіре білуіміз керек. Дегенмен қорқатын ештеңе жоқ. Бұл вакцинаны жасамасақ, халықтың көпшілігін қорғай алмаймыз. Қазір әлем бойынша осы вакцинамен ғана қорғана аламыз деген қағида қабылданды. Оған қоса бұл вакцина қанша уақытқа дейін сақтайды деген сұрақтар туындауда. Оған жауап беру үшін біраз уақыт керек, - дейді профессор.

Сәкен Әміреев сөз арасында әлем бойынша коронавирустан 2,5 млн адам көз жұмғанын айта келе індетке қарсы тұруда көрші Ресей елі тиімді жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Қазіргі мәлімет бойынша коронавирустан әлемде 2,5 млн адам көз жұмған. Өлім-жітім әр мемлекетте әртүрлі. Адам шығыны ең аз елдер қатарында Ресей Федерациясы тұр. Бұл ауруға дұрыс диагноз қоя білу мен аурудың алдын алу іс шараларына байланысты, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы