Вакцинациялау көрсеткіші көңіл көншітпейді – Тоғжанов

23 Маусым 2021, 17:05
1628
Бөлісу:
Вакцинациялау көрсеткіші көңіл көншітпейді – Тоғжанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.

Елімізде вакцина дозасы жеткілікті. Тұрғындардың вакцина алуына аймақтарда да жағдай жасалған. Вакцина алу елімізде ерікті болғанымен, жаңа сын-қатерлерге байланысты қосымша шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Елде вакцинациялау көрсеткіші төмен. Бұл бірқатар облыстар мен Нұр-Сұлтан қаласына қатысты. Сондықтан вакцинациялау санын арттыру талаптары күшейеді, тәулігіне 70 мың дозаға дейін жеткізу міндетін қойып отырмыз, - деді Ералы Тоғжанов.

Премьер-министрдің орынбасары халықтың басым бөлігі вакцинацияланса, жаңа штамның таралуының алдын алу да соғұрлым жеңіл болатынын атап өтті. 

Халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп тегін айтпаған. Ауру ешқайда кетіп қалған жоқ, босаңсуға да негіз жоқ. Сондықтан өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарауымыз керек. Вакцина алған күннің өзінде санитарлық талаптарды сақтап, маска киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтауды ұмытпаңыздар, - деп ескертті ол.
Бұған дейін Ералы Тоғжанов елімізде анықталған жаңа штамның өзгелерге жұқтыру ықтималдығы жоғары екенін айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы