Вакцинация: Тексерілгендердің 90%-ға жуығында антиденелер анықталды

5 Маусым 2021, 22:41
1909
Бөлісу:
Вакцинация: Тексерілгендердің 90%-ға жуығында антиденелер анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың сәуірінде «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі коронавирусқа қарсы екпе алған пациенттер үшін поствакциналық антиденелерді тексеру қызметін енгізген болатын.

«КДЛ ОЛИМП» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінге дейін аталған зерттеуден 3 000 адам өтті. Бұл талдауды ең көп тапсырғандар - Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының тұрғындары.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, екпе алған пациенттердің 87%-ында коронавирустың S-ақуызына қарсы антиденелер анықталды, яғни оларда поствакциналық иммунитет қалыптасқан. Бұл тағы бір мәрте вакциналардың жоғары тиімділігін растап отыр. Иә, көрсеткіш өндірушілер мәлімдеген деңгейден сәл төмен. Бірақ бұл ретте пациенттердің талдаудың уақытынан бұрын, антиденелер әлі қалыптаспай тұрып тапсыруына байланысты деп ойлаймыз. Қан алу кезінде пациенттерден вакцина салдырған мерзімдері туралы ауызша сұраймыз және поствакциналық антиденелерді тексеру екпеден кейін белгілі бір мерзім өткен соң жүргізілуі қажет екендігін түсіндіреміз, - деп айтты «КДЛ ОЛИМП» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов.

Айтуынша, егер вакцина дозаларының арасындағы интервал 21 күнді құраса, онда тест вакцинаның бірінші дозасын алғаннан кейінгі 42-күні, яғни 6 апта өтіп жасалады. Егер дозалардың арасындағы интервал ұзарса, зерттеу екінші дозадан кейін 3 апта өткен соң тапсырылады

Поствакциналық антиденелерді тексеруге бағытталған тест сапалық сипатқа ие. Бұл талдау екпеден кейін антиденелер пайда болды ма, жоқ па деген сауалға жауап беруге мүмкіндік береді. Тест антиденелердің мөлшерін көрсетпейді.

Поствакциналық антиденелердің концентрациясын көрсететін сандық талдауды жуық арада енгіземіз, - деп мәлімдеді Ерлан Сүлейменов.

Сонымен қатар 2020 жылдың маусымынан бастап «ОЛИМП» КДЗ желісі COVID-19-бен, оның ішінде симптомсыз түрімен ауырғандарда коронавирусқа қарсы жиынтық антиденелерді тексеруде.

Бұл талдау аурудан кейінгі иммунитеттің қалыптасуын көрсетеді. Бүгінге дейін аталған зерттеуді 200 мыңнан аса адам тапсырды. Тексерілгендердің көбісі - Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Атырау қалаларынан. Былтырғы жылдың нәтижелері бойынша 53% пациенттерде COVID-19-ға қарсы антиденелер анықталған. Соңғы күндері бұл көрсеткіштің өсу тенденциясы байқалуда, мәселен, мамыр айында антиденелері бар пациенттердің үлесі 67%-ға дейін өскен. Бұл әжептәуір үлкен көрсеткіш, бірақ тексерілуге негізінен коронавируспен ауырғанына сенімі бар адамдар келетінін ескеру қажет. Сондықтан ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы туралы айту әлі ерте, - дейді Ерлан Сүлейменов.

Ауырғандардан коронавирусқа қарсы жиынтық антиденелерді анықтайтын зерттеу де сапалық сипатқа ие. Оның мақсаты - адамда аурудан кейін антиденелердің бар-жоғын анықтау. Зерттеу нәтижесін антиденелердің концентрациясын бағалау үшін қолдануға болмайды.

Өзгелердің жаңалығы